13 мам, 2025 сағат 16:35

Жастар арасында отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыру – маңызды қадам

Фото: QyzPU

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Менталды денсаулықты дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Отбасын жоспарлау» тақырыбында студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Шара 2025 жылдың 12–16 мамыр аралығында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Репродуктивті денсаулық апталығы  аясында ұйымдастырылды.

Кездесудің мақсаты – жастар арасында отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыру, саналы ата-ана болуға психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан дайын болуға ықпал ету, сондай-ақ жеке денсаулықты сақтау, балалардың әл-ауқаты туралы маңызды ақпарат беру.

Аталған шараның спикері, Менталды денсаулықты дамыту орталығының психологы Әмірова Кәмшат Қарабекқызы отбасын жоспарлаудың тек медициналық немесе материалдық қана емес, психологиялық тұрғыдан да дайындықты талап ететін жауапты процесс екенін атап өтті. Ол болашақ ата-аналардың эмоционалдық тұрақтылығы, қарым-қатынастағы сенім мен қолдау, отбасы ішіндегі рөлдік үйлесімділік және баланы тәрбиелеуге деген ішкі мотивацияның маңыздылығын сөз етті.

Кездесу барысында студенттер өздерінің жеке мәселелерін ашық айтып, кәсіби психологиялық кеңес алды. Сонымен қатар отбасылық құндылықтар, жас жұптардың бір-біріне психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуі, стресске қарсы тұру қабілеттерін дамыту туралы практикалық ұсыныстар айтылды.

Шара соңында студенттерге арналған ақпараттық-танымдық материалдар таратылып, жауапты қарым-қатынасты насихаттайтын пайдалы деректер ұсынылды.

Бұл жүйелі психологиялық-ағартушылық жұмыс жастардың тұлғалық және эмоционалдық дамуына, жеке және отбасылық жауапкершілікті арттыруға, сондай-ақ дені сау және саналы ұрпақ тәрбиелеу мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосты.