22 сәу, 2025 сағат 12:17

Жазушы Әкім Тарази дүниеден озды

Фото: ашық дереккөз

Жазушы, драматург, сценарист Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.

"Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады", – делінген жеделхатта.


Әкім Үртайұлы Әшімов (Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999). Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2007). Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.

1956 жылдан еңбек жолын бастаған. Жамбыл облысының Шу ауданы мұғалім (1956-58), "Ара" журналында фельетонист (1958-59), "Қазақстан пионері" газетінде жауапты хатшы (1962- 70), "Қазақфильм" киностуциясында сценарийлік редакциялық алқа мүшесі, бас редактор, 1970-71 "Литературная газетаның" Қазақстан бойынша тілшісі, 1971-80 жылдары Қазақстан Кинематографиялық одағы басқармасының 1-хатшысы болды. 1986- 91 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1991-93 жылдары Қазақстан Ресупбликасы Мәдениет министрлігінің кеңесшісі, 1993-95 жылдары "Қаржы-қаражат" журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. 1995 жылдан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті. 2009 жылдан Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.