30 сәу, 2025 сағат 11:00

Жазушылар одағы бірнеше қаламгерді әдеби сыйлықтармен марапаттады

Фото: Жазушылар одағы

Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысының екінші күні мазмұнды шаралармен толықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов екі күнге созылған әдеби жиынның мәні мен маңызын тереңірек тарқатып берді.

"Екі күнге созылған бұл әдеби жиынға атсалысқан барлық қаламгерлерге алғысымыз зор. Соңғы үш жылда қазақ әдебиетіне, қазақ жазушысына деген қоғамдық ықылас арта түсті. Ел Президентінің кітапқа деген ықыласы ерекше екеніне куәміз. Жуырда 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып жарияланып, бұл мереке Астана қаласында және барлық өңірлерде кең көлемде аталып өтті. Байқаулар ұйымдастырылып, 10 номинация бойынша үздік баспагерлерге қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Бұл қадамдар еліміздің рухани өмірінде маңызды бетбұрыс болып отыр", – деді Мереке Құлкенов.


Төраға өз сөзінде қазіргі таңда редакторлардың беделін көтеру мәселесіне де тоқталды. Себебі сапалы кітаптың кілті – мықты редакцияда. Бұл ретте Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастаған маңызды жобалардың қатарында қазақтың ұлы перзенті Абайдың туған күніне дейін үздік деп танылған 10 кітапты анықтап, сол арқылы “Қазақстанның ең көп оқылатын 100 кітабын” таңдау бастамасы үлгі етілді.

Мереке Құлкенов балалар әдебиетінің маңыздылығын айта келе, “Ертөстік” әдеби сыйлығының негізі қаланғанын сүйіншіледі. Ендігі жерде балаларға арналған үздік шығармалар лайықты бағасын алатын болады.

Жиында жазушы Марат Тоқашбаев әдеби жыл қорытындысына жоғары баға беріп, тіл мәселесін әдебиет арқылы шешудің маңыздылығын жарыссөзде атап өтті.

"Қоғамдағы тіл мәселесі Ата заңда айқын жазылған мемлекеттік тіл мәртебесін толық түсінбеуден және қадірін сезінбеуден туындауда. Бұл бағытта әдебиеттің күші ерекше болмақ", – деді ол.


Жазушы Дәурен Қуат “Жұлдыз” журналының қазіргі ахуалын сөз етіп, басылымның таралымын арттырудағы ақын-жазушылардың белсенділігін арттыру қажет екенін алға тартты. Ал “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып әр жанр бойынша өткен кеңестердің қорытындысына тоқталып, қазіргі замандағы нонфикшн, фэнтези, детектив жанрларына қатысты өрбіген терең пікірлерді ерекше атап өтті. Сонымен бірге, «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылудың маңыздылығын, қазіргі таңда QR код арқылы жазылу мүмкіндігінің бар екенін жеткізді.

Драматургия кеңесі атынан драматург Алишер Рахат сөз сөйлеп, Қазақстанда Орталық Азия көлемінде жас драматургия мектебінің қалыптасқанын атап өтті. Алайда жас драматургтердің шығармалары сирек сахналанып жүргенін, бұл мәселені шешу қажет екенін қаперге салды.

Жиында поэзия кеңесінен Ақсұңқар Ақынбаба, орыс әдебиеті кеңесінен Фархат Тамендаров, балалар әдебиеті кеңесінен Елдос Тоқтарбай, “Жалын” журналының жәй күйін Құдияр Біләл, ұйғыр әдебиеті кеңесінен классик жазушы Ахметжан Ашири жарыссөзге шығып, өзекті ойларын ортаға салды.

Әдеби жыл қорытындысының екінші күнін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы жүргізді. Шара барысында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы, сондай-ақ баспа саласына еңбегі сіңген қаламгерлерге Қазақстан Жазушылар одағы мен Баспалар ассоциациясының бірлесіп тағайындаған арнайы марапаттары салтанатты түрде табысталды. Марапаттарды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов өз қолымен тапсырды.

Сонымен бірге жиында Қазақстан Жазушылар одағы және «Сәуле-Куяш», Абдумажит Дөләтов атындағы республикалық әдеби сыйлығының дипломдары иелеріне табысталды. Сондай-ақ Одақтың жаңа мүшелеріне арнайы мүшелік билеттері табысталып, қазақ әдебиетінің сапына жаңа есімдер қосылды.

Фото: Facebook.com

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері:

1. Жандәулет Тұрсынбай – «Көгілдір аспан – жұмақ күн» кітабы үшін
2. Алауханов Есберген – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
3. Әлпейісова Камал – «Жүрегімде жасырған жырларым» кітабы үшін
4. Қайымов Қанат – «Патшалар алқабына саяхат» кітабы үшін
5. Ниетқалиева Гүлзада – «Аллажар» өлеңдер жинағы үшін
6. Құрманқұлов Бауыржан – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
7. Сарин Қалқаман – «Жарығы сөнбес жалғыз жол» кітабы үшін
8.Әбілқайыр Қанат – «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы үшін
9. Жақыбаев Әдепхан – «Туған жер – құдіретті құт мекенім» кітабы үшін
10. Әріп Ғалым – «РухСана» кітабы үшін
11. Сүйінов Есенгелді – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
12. Әшірбаев Бегжан – «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабы үшін
13. Шәкен Жәди – «Ертіс қызы» әңгімелер жинағы үшін
14. Ахметов Темірболат – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
15. Сейдазым Айдар – «Жапырақ ғұмыр» кітабы үшін
16. Қамшыгер Саят – «Көңіл көктемі» өлеңдер жинағы үшін
17. Үмбетәлиев Мұхтар – «Жүректегі жазулар» өлеңдер жинағы үшін
18. Шарахымбай Болат – «Қайшылықтар дилеммасы» кітабы үшін
19. Мырзахметов Алмаз – Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін
20. Ақынбаба Ақсұңқар – «Жанартау» өлеңдер жинағы үшін
21. Нұрғожаев Жақыпжан – «Кең дүние төсіңді аш, мен келемін» кітабы үшін
22. Құныпияұлы Кәдірбек – «Талтүс» өлеңдер жинағы үшін
23. Әуезов Елубай – «Жан азабындағы Бақыт» өлеңдер жинағы үшін
24. Нұрахметов Бекен – «Менің тағдырымдағы адамдар» эсселер жинағы үшін
25. Жүніс Ерлан – «Үміт жырлары» кітабы үшін
26. Токин Тұрсынбек – «Әзірбайжан – Отаным» кітабы үшін
27. Назаров Шавкат – «Жиғлима, қәлбим» кітабы үшін
 
«Қазақстанның Құрметті жазушысы» марапатының иегерлері:

1. Түменбаев Қуандық
2. Сейітжан Зұфар
3. Әбдезұлы Қансейіт
4. Дәдебаев Жанғара
5. Әрін Әміре
6. Бектемірова Нұрила
7. Әбдірахым Нүсіпбай
8. Қожахметова Мағира
9. Ақыш Нұрдәулет
10. Қайырбеков Әділғазы
11. Аязбеков Жанұзақ
12. Кенебай Жұмаш
13. Қорғасбек Жүсіпбек
14. Бестібаев Қайрат
15. Естенов Арасанбай
16. Сейітжан Зұфар
17. Жәнәбілов Серік
18. Қыстаубаев Захардин
 
Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысы – қаламгерлердің басын қосып, қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы мен болашағын айқындайтын тағылымды да маңызды басқосу ретінде есте қалды.

Бұған дейін біз Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысының бірінші күні қалай өткенін жазған болатынбыз.