19 шіл, 2021 сағат 17:50

«Жеңісімді қазақ еліне арнаймын» – Рухия Байдүкен


Қазақстандық жас әнші, «Славян базары» халықаралық байқауының Гран-при иегері Рухия Байдүкен жеңістен кейінгі өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көңіл күйім керемет. Бұл менің ең алғашқы үлкен жеңісім және оны қазақ еліне арнаймын. Себебі мен отандастарымның қолдауын сезіндім. Сонымен қатар осындағы жергілікті халық та қолдау көрсетті. Мен өзім музыкамен мектеп жасынан бастап айналысып келемін. Мектеп бітірген соң музыкалық колледжге түсіп, оны тәмамдап, қазір ұлттық өнер академиясының 3 курс студентімін. Алдағы мақсатым – өз әндерімді орындап, соған клип түсіру. Сол сияқты қазақстандық және шетелдік телевизиялық жобаларға қатысу. Шетелдік продюсер немесе компаниялардан ұсыныс түсіп жатса, жұмыс істеуге әзірмін», - деді жас әнші Рухия Байдүкен ZOOM алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, жерлесіміз, әнші Димаш Құдайберген қолдау көрсеткенін айтып өтті.

«Димаш Құдайберген байқауға дейін өз кеңестерін беріп, қолдау көрсетті. Әсіресе вокал жағынан сүйемелдеу көрсетті. Байқау басталған соң біз сөйлеспедік, өйткені ол төреші ал мен қатысушымын. Сондықтан біз сайыстың әділ өтуін қаладық», - дейді ол.

Бұған дейін жерлесіміз Рухия Байдүкеннің Витебскіде өткен «Славян базары» байқауының гран-при жүлдесін жеңіп алғанын хабарлаған болатынбыз. 

14 мемлекеттен келген қатысушы славян елінен шыққан композитордың туындысын славян тобына жататын тілдің бірінде оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Байқау нәтижесінде қазақстандық Рухия Байдүкенова Гран-при иегері атанып, «Алтын лира» мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды.

Айта кетсек, «Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкенді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтады. 

Одан бөлек, жас әншіні жеңісімен еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да құттықтады.