
Жергілікті мәслихат депутаттарын сайлауға 832 партиялық тізім тіркелді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына қатысуға Әділет министрлігінде белгіленген тәртіппен тіркелген 6 саяси партия жіберілген болатын. Сайлау комиссиялары 5 саяси партиядан: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан; «Nur Otan» партиясынан; «ADAL» саяси партиясынан; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан; «Қазақстанның Халық партиясынан» мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну туралы құжаттар ұсынылды. Барлығы 840 партиялық тізім берілді», - деді ол ҚР ОСК отырысында.
Оның атап өтуінше, «Nur Otan» партиясы мен «АDAL» саяси партиясы өңірлердегі барлық 216 мәслихатқа сайлау округтері бойынша тізімдерді ұсынды.
«Ақ жол» ҚДП-нан 175, «Ауыл» ХДПП - 159, «Қазақстан Халық партиясы» 74 тізім ұсынылып отыр.
«17 округ бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына 75 тізім (1392 кандидат) берілді. 36 округ бойынша облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына 134 тізім (1415 кандидат) ұсынылды. Аудандық мәслихаттардың 163 округі бойынша 631 тізім (5527 кандидат) ұсынылып отыр. Партиялық тізімдерге 8334 кандидат енгізілді, оның ішінде 3721-і – әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастар», - дейді Ерлан Дауылбаев.
ҚР ОСК мүшесінің айтуынша, партиялық тізімді тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-де аяқталды.
Барлығы 832 партиялық тізім тіркелді.
Оның ішінде: «Ауыл» ХДПП - 158; «Nur Otan» партиясы - 216; «ADAL» СП - 215; «Ақ жол» ҚДП - 174; «Қазақстан Халық партиясы» - 69 тізім.
