03 мам, 2024 сағат 15:20

«Жұмаділов оқулары» өтті



Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінде Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен «Жұмаділов оқулары» өтті. Тұңғыш рет өткізілген «Жұмаділов оқулары»  Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық және жеке портретін талқылауға арналды.


Іс-шара Қ.Жұмаділов шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалаудан басталды. Жиынды журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев ашты және жиын барысына модератор болды. Ол Қабдеш Жұмаділовтің жазушылығы, қайраткерлігі туралы студенттерге танымдық-тағылымдық естелігін айтып берді:


«Қабдеш Жұмаділов – өмірінің соңына дейін әділдіктің жолынан ауытқымады. Ол – қазақ тарихын көркем шығармаға айналдырған құрметті қаламгер», – деді Т.Көпбаев. Филология ғылымның докторы, профессор Кәкен Хамзин Қабдеш Жұмаділовтың жазушылығымен қоса журналистік қырын да талдап берді: «Ол қазақ тұлғаларының, тағдырлы жазушылардың өмірдерегі туралы мақалалар да жазды. Ұстазы Қапан Сатыбалдин туралы естеліктері де әлі күнге танымдық, тағылымдық өнегесі мол еңбек», – дей келе «Жас қалам» әні авторының табылуына қатысты да Қ.Жұмаділовтың жазбалары себеп болғанын атап өтті.


Филология ғылымының докторы, ғалым Руда Зайкенова Қабдеш Жұмаділовтың жазушылық қырын ғылыми жолмен талдап берді. Ал «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директордың орынбасары – Алматы филиалының жетекшісі Думан Анаш Қ.Жұмаділовтің тарихи еңбектерінің маңызын талдады. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет жазушы шығармашылығының студенттердің таным көкжиегін дамытатынын айта келе Қабдеш Жұмаділовт пен Қажытай Ілиясовтың арғы беттен оралғандағы оқиғасын өлең тілінде сөйлетіп, «Қабдеш – Қажытай хикаясы» деген өлеңін оқып берді. «Қабдеш оқулары – қазақ тілінің оқулары, қазақ мәдениетінің, тәуелсіздіктің оқулары деген сөз», – деген ақын Алмас Ахметбек те Қ.Жұмаділовке арнаған өлеңін оқыды.    

«Қабдеш Жұмаділов» қоғамдық қорының төрағасы, жазушының ұлы Арман Жұмаділов студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденісін арттыру, шығармашылық ойлары мен жаңа идеяларын жүзеге асыруға ықпал ету мақсатында арнайы байқау ұйымдастырғанын атап өтті.


Ең үздік ғылыми жұмысқа, ең үздік баспасөз материалына және үздік ғаламтор жарияланымына жарияланған байқау қорытындысы нәтижелерімен қаламгердің ұлы Арман Қабдешұлы және Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазан таныстырып, студенттерді марапаттады. Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы және публицистік қыры, редакторлық шеберлігі мен өнегелі өмірін арқау еткен «Үздік ғылыми жұмыс» аталымында Нұрдәулет Байтілес (1-орын), Шұғыла Әбдібай (2-орын), Динара Боранбай (3-орын) марапатталса, «Үздік ғаламтор жарияланымы» аталымы бойынша Айғаным Қуандық (1-орын), Ерасыл Сайлауғалиев (2-орын), Әмина Өнербай, Нығмет Тәліпхан, Дидар Бақытбек, Шайын Шайхымұрат (3-орын) жүлдегер атанды. «Үздік баспасөз материалы» аталымында Малика Салиева (1-орын), Алтынай Сейіткен (2-орын), Гүлнар Баймұхан, Мәдина Ибрагим, Әли Қасымбаев (3-орын) топ жарды.


Сонымен қатар Сүнбек Сымбат, Таңшолпан Ақбердиева, Жалын Сейдіғалымова, Бибінұр Құлмаханбет, Хамза Берден, Мақпал Әділханқызы, Санжар Сейсенбаев «Алғыс хатпен» марапатталды. Студенттерді «Жұмаділов оқуларына» әзірлеген жетекшілеріне де «Алғыс хат» табысталды.

 

Назерке ДӘЛЕЛХАНҚЫЗЫ,

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік

өнер кафедрасының оқытушысы