Фото: 24.kz
Ақмола облысында екі 18 жастағы азамат психотроптық заттарды заңсыз сақтау және тасымалдау фактілері бойынша сотталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақмола облысы Бурабай аудандық соты 2025 жылдың қазан-қараша айларында жастардың әлеуметтік желі арқылы байланысқан кураторлардың тапсырмасымен аудан аумағына келгенін анықтады. Оларға заңсыз әрекеттерді орындағаны үшін ақшалай сыйақы уәде етілген.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушылар психотроптық заттарды сақтау және тасымалдаумен айналысқан.
Сот үкімімен әрқайсысына орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бурабай ауданы прокуратурасы заңсыз есірткі және психотроптық заттардың айналымына қатысу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, интернетте ұсынылатын «жылдам табыс» туралы жарнамалар көбіне қылмыстық әрекеттермен байланысты болады және оның соңы ауыр салдарға алып келуі мүмкін.
