
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл заң жобасы Парламенттің бір топ депутаттарымен әзірленді.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы ведомствоаралық үйлестірудің тиімділігін арттыру ескерілген.
Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесі мен уәкілетті органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялық өзара іс-қимылы арқылы құқықтық кадастрдан ақпарат алуға бағытталған нормалар көзделген. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеудің қолданыстағы рәсімдерін оңтайландыру және мемлекеттік қызметтер көрсету процестерінің сатыларын жетілдіру қарастырылған. Электрондық тіркеу кеңейтіледі. Мүдделі органдарға жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін құқық белгілейтін құжаттардың электрондық көшірмелерін жіберу мүмкіндігі беріледі», - деді Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.
Осы орайда ол нотариустарда бұл салада оң тәжірибе бар екенін жеткізді. 2012 жылдан бастап «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе» «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» дерекқорымен біріктірілді.
«Мәміле жасалғаннан кейін құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері мемлекеттік тіркеу үшін электрондық түрде жіберіледі. Мүлікті сатып алушы нәтижені 1 жұмыс күні ішінде алады. Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында екінші деңгейдегі банктердің кепілін электрондық тіркеу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Пилоттық жобаға «Форте Банк» АҚ қатысады. Жергілікті атқарушы органдар мүлікті жекешелендіру шарттарын электрондық тіркеу үшін «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» дерекқорымен интеграциялауға дайындығын білдірді», - деді депутат.
Оның айтуынша,қазіргі кезде меншік иесі өз жылжымайтын объектісін немесе құрылысын бұзған жағдайда, оның меншік құқығын тоқтату мәселесі заңда реттелмеген. Өйткені бүгінгі күні ешбір мемлекеттік орган объектіні бұзу фактісін растамайды.
«Бұл мәселе бойынша азаматтардың көптеген арыз-шағымдары туындап, олар сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Осыған байланысты, заң жобасында объектіні бұзуды растайтын қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібін айқындайтын норма көзделген. Бұл нормаға сәйкес объектіні бұзу фактісін растау өкілеттігін, сәулет және қала құрылысы саласындағы органдарға жүктеледі. Сондай-ақ, заң жобасында әкімшілік кодекстен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін бұзғаны үшін жауаптылық алып тасталады. Себебі Заңнан жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу үшін алты айлық мерзімін жою ұсынылады. Бұл қажеттілік өзімен-өзі жойылды, өйткені меншік құқығын тіркеу бойынша қызметтердің көпшілігі, соның ішінде ауыртпалықтар салу бойынша қызметтер электрондық форматқа ауыстырылады», - деді Қанат Мусин.
