istockphoto.com
Респонденттердің 63,7%-ы ЛГБТ туралы ақпаратты ең алдымен әлеуметтік желілерден алатынын айтқан. Бұл туралы "Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қорының" жетекшісі Үсен Сүлеймен мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл деректер кәмелетке толмағандарға цифрлық орта арқылы дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттау деңгейін зерттеу мақсатында жүргізілген ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде алынған, деп хабарлайды Ult.kz.
Сүлейменнің айтуынша, қор сарапшылары бір жыл ішінде әлеуметтік медиа платформаларында ЛГБТ тақырыбына қатысты 1559 жарияланымды тіркеген. Сонымен қатар, мұндай контентті белсенді түрде тарататын пайдаланушылардың жоғары деңгейдегі белсенділігі байқалған.
– Әлеуметтік желілердің танымал алаңдарында айтарлықтай белсенділік бар. Пайдаланушылар дәстүрлі емес жыныстық бағдар мәселелеріне қатысты материалдарды, ЛГБТ құндылықтарын насихаттайтын контенттерді жиі жариялап отыр. Мен мұндай насихатқа қарсымын, – деді Үсен Сүлеймен.
Сондай-ақ, жүргізілген социологиялық сауалнама нәтижесінде респонденттердің 63,7%-ы ЛГБТ жайлы ақпаратты ең алдымен әлеуметтік желілерден алатыны, ал дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары (газет, теледидар, радио) тек 42% аудиторияны қамтитыны анықталған.
– Осылайша, жастар үшін дәстүрлі емес жыныстық қатынастар туралы ақпараттың негізгі көзі – әлеуметтік желілер болып отыр. Жасөспірімдер арасында цифрлық тәуелділік күшейіп келеді. Олар идеологиялық реңкі бар немесе жалған ақпаратқа қарсы тұруда осал екенін ескерсек, өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу мен қалыптастыру ісінде біз үлкен тәуекелдермен бетпе-бет келеміз, – деді Үсен Сүлеймен.
