08 мам, 2026 сағат 18:12

Алматыда кәмелетке толмаған бала кірген клубтың жұмысы тоқтады


Фото: Polisia.kz


Алматыда рейд барысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде жүргені анықталып, нысанның қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.


Жетісу аудандық полиция басқармасының мәліметінше, тексеріс кезінде заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген жасөспірім анықталған.


Осы дерек бойынша мекеме иесіне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактісімен әкімшілік іс қозғалды. Қарау нәтижесінде уәкілетті орган айыппұл салып, ойын-сауық мекемесінің жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.


Полицияның айтуынша, мұндай жағдайларға жол берілмейді және мекеме иелері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды қатаң сақтауға міндетті.


Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріковтің сөзінше, бұл бағыттағы бақылау жүйелі түрде жалғасады.


«Негізгі мақсат – тек құқық бұзушылықты анықтау емес, түнгі уақытта жасөспірімдердің бақылаусыз қалып, қауіпке ұшырауын болдырмау», – деді ол.



Полиция кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық орындарына кіргізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.