30 нау, 2026 сағат 11:33

10 млрд теңгені жымқырған күдікті Грузиядан елге жеткізілді


видео кадры


Қазақстанда ірі қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат Грузиядан экстрадицияланды. деп хабарлайды Ult.kz.


Бас прокуратура мен ІІМ Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен халықаралық іздеуде жүрген күдіктіні елге жеткізді.


Тергеу мәліметінше, ол 2019–2021 жылдары ұйымдасқан топ құрамында Қазақстанның бірнеше өңірінде қаржы пирамидасын басқарған. Күдіктілер азаматтарға жоғары табыс уәде етіп, 10 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған.


Бұл іске қатысы бар адамдардың бірқатары бұған дейін сотталған. Ал басты күдікті қылмыстан кейін шетелге қашып, халықаралық іздеуге жарияланған.


2026 жылдың ақпанында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанның сұрауы бойынша экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалған.


Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.