15 қаң, 2025 сағат 11:26

1000 ауыл мектебі жаңа сапа деңгейіне көшеді

Фото: Pexels.com

2025 жылдан бастап еліміздегі 1000 ауыл мектебі «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасына қосылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл мектептерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Қазіргі таңда жоба аясында әр өңірде арнайы бастамалар қолға алынған. Мысалы:

  • Ақтөбе облысында – шағын жинақты мектептердің цифрлық әлеуетін арттыру;
  • Алматы облысында – жаратылыстану-математика бағытындағы білім сапасын жақсарту;
  • Маңғыстау облысында – «Отпан» тірек мектептер желісін дамыту;
  • Ұлытау облысында – «Ustaz Ulytau» жобасы іске қосылды.

Алғашқы кезең нәтижелері:

  • Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
  • Заманауи пәндік және цифрлық кабинеттер орнатылды.
  • Жылдам интернетпен қамтамасыз етілді.
  • Педагогтар кәсіби дамуға бағытталған арнайы курстардан өтті.

Орта білім Комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев:

«2023 жылы жобаға Ақтөбе облысының 12 тірек және 134 шағын жинақты мектебі қатысып, 11 мыңнан астам оқушы мен 3,5 мың педагог қамтылды. Ал биыл 192 тірек және 759 шағын жинақты мектеп жобамен жұмыс істейді», – деп мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстанда барлығы 8 мың мектеп болса, оның 67%-ы ауылдық, ал 51%-ы шағын жинақты мектептер. Ең көп шағын жинақты мектептер Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында орналасқан.

Мақсаты – ауыл мектептерін заман талабына сай дамыту арқылы білім сапасын арттыру.