Фото: ҚР ОАМ
Қазақстанда ұстаздарды қолдау және кәсіби шеберлігін көтермелеу мақсатында дәстүрлі «Үздік педагог» республикалық байқауы басталды. Жеңімпаздарға 1000 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 3,9 млн теңге) дейінгі мемлекеттік сыйақы табысталады, деп хабарлайды Ult.kz.
Байқауға мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін, кемінде 5 жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар мұғалімдер қатыса алады.
Конкурс үш кезеңнен тұрады:
-
1-кезең – аудандық, қалалық деңгей (8–25 шілде);
-
2-кезең – облыстық деңгей (28 шілде – 15 тамыз);
-
3-кезең – республикалық деңгей (18 тамыз – 18 қыркүйек).
Байқау барысында мұғалімнің білім беру саласына қосқан үлесі, жұмыс нәтижелілігі және кәсіби шеберлігі бағаланады. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған педагогтер республикалық кезеңге жолдама алады.
Қатысуға өтінімдер мен құжаттарды қабылдау uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық ұстаз бұл құрметті атаққа ие болды.
Қосымша ақпарат ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында қолжетімді.
