30 сәу, 2020 сағат 09:20

90 жыл бұрын Түрксіб теміржолының құрылысы аяқталды

Биыл 28 сәуірде Айнабұлақ стансасы тұсында Түрксіб теміржолы екі жағынан келіп түйскеніне 90 жыл толып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыдан оңтүстік жағынан Семейден солтүстік жағынан келіп жеткен Түркістан – Сібір теміржолының соңғы рельсін қалау салтанатты жағдайда өтті. Құрылыстың соңғы шегесі жоспарланған мерзімнен 8 ай ерте қағылды. 

«Міне соңғы рельс жұбы берілді. Қасым-қағым сәт және соңғы рет қағылды! Бітті! Түйісу аяқталды. Солтүстік пен оңтүстіктің жүздеген рельс төсеуші жұмысшысы бір бірлеріне беттеді. Бәрі ұрандатты. Бұл ұмытылмас сәт еді. Адамдар бір бірін құттықтап, қауышып жатты», - деп жазды «Гудок» теміржол газеті. 

«Бүгінде аты аңызға айналған Түрксібті қысқа мерзім ішінде техникасыз тек адам күшімен ғана салып шығуы керемет сияқты болып көрінеді. Бұл таулар мен өзендер, шөлдер мен бетпақ дала арқылы 1,4 мың шақырымнан астам рельсті жол. Теміржолды Ұлы Жібек жолының жалғасы деп санауға болады. Оның бойында жаңа деполар, көпірлер салынып, байланыс жүйесі жолға қойылды. Қазір өскелең ұрпақ Түрксібтің тарихын, оны салғандардың ерлігін білуі тиіс. Бұл Гиннестер кітабына лайық рекорд. Түрксіб құрылысшыларының дәстүрін қазіргі жастар жалғастыруы керек» - дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Консультативтік кеңесінің мүшесі, құрметті теміржолшы Қалтай Сәмбетов. 

Сол кезде жол салуға келген мыңдаған адам сауатын ашып, жолшылар, машинистер, механиктер, байланысшылар техника мамандығына ие болды. 

Көбісі теміржолшылар әулетін бастауында тұр. Жаңа жолмен Орталық Азия елдеріне көмір, ағаш, металл және астық тасылды, кері қарай– мақта мен жүн артылған пойыздар жүре бастады. Темір жол ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, металлургия, мұнай өндірісі және өзге де салалар үшін жаңа мүмкіндік ашып, аймақтың дамуы үшін қуатты серпін берді. Жыл сайын Түрксібте тасымал көлемі айтарлықтай артты. Шөлді және шөлейтті жерлерде жаңа стансалар мен қалалар пайда болды. Олардың қатарында Жаңа Семей, Шар, Жалғызтөбе, Жарма, Аягөз және өзгелері бар. 

Қазақстан темір жолы компаниясы Түрксіб мерейтойына арнап әр түрлі іс–шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Олардың көпшілігі онлайн, қашықтықтан өткізіледі. Келесі ұрпақ темір жол тарихын естен шығармауы және құрметтеуі маңызды.