09 там, 2025 сағат 13:31

АӘК алушылар енді азық-түлікті цифрлық ваучер арқылы арзанырақ сатып ала алады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жоба аясында «eGov Mobile» қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы цифрлық ваучерлер беріледі. АӘК алушы дүкен кассасында QR-кодты көрсетсе, жүйе автоматты түрде 15%-ға дейін жеңілдік қолданады. Ваучердің мөлшері отбасы құрамына қарай есептеледі: әр адамға бір айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы — 3 932 теңге) көлемінде қаражат бөлінеді. Мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы шамамен 16 мың теңгеге жуық сомаға жеңілдікпен азық-түлік сатып ала алады.

Алғашқы кезеңде жоба Ақмола облысының Ақкөл қаласында іске асады. Кейін ол Көкшетау мен Павлодарда жалғасын табады.

Бағаны тұрақтандыру үшін сауда желілеріне төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер беріледі. Қаржының 35%-ы кәсіпкерлерді несиелеуге, 65%-ы отандық өндірушілерден өнім сатып алуға бағытталмақ.

Пилоттық кезең аяқталған соң жоба еліміздің басқа өңірлеріне де таратылады. Бұл бастама 245 мыңнан астам АӘК алушыны қамтып, әлеуметтік осал топтарға әділ әрі ашық қолдау тетігін ұсынуды көздейді.