Фото: ҚР ОАМ
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәлімдеуінше, Алматыдағы алғашқы ұлттық мектеп – Абай Ұлттық мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы мәресіне жетіп қалды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мектеп Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынуда. Бұрынғы Абай атындағы республикалық мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат бүгінде жаңа атауымен қайта жаңғыртылды.
Оқу ордасының тарихы 1950-жылдардан бастау алады. Осы уақыт аралығында білім ордасы талай өнер, қоғам және мемлекет қайраткерлерін тәрбиелеп шығарған. Министрдің айтуынша, жаңа ғимарат тек заманауи білім беру орталығы ғана емес, озық бағдарламалар мен әдістемелер әзірленетін халықаралық зияткерлік алаңға айналады.
«Абай Ұлттық мектебі – ұлттық құндылықтың қуатын болашақтың серпінімен ұштастыра алатын жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыратын қасиетті білім ордасы болады деп сенемін», – деді Ғани Бейсембаев.
Бүгінде елімізде 200-ге жуық білім мекемесі ақын есімін иеленсе, Түркияда да екі мектеп Абай атында жұмыс істейді. Болашақта Абай Ұлттық мектебі осы білім ордаларының әдістемелік және ғылыми үйлестіруші орталығына айналуы көзделіп отыр.
