22 шіл, 2025 сағат 12:41

Абай жолымен: Абай облысында әкелер мен ұстаздар үш күнде 180 шақырымды атпен жүріп өтті


© Photo : Абай облысының әкімдігі


Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай облысы мен Есік қаласындағы "Білім-Инновация" лицейлерінің әкелер кеңесі мен ұстаздары тарихи-танымдық сапарға шықты. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.


Олар жалпы ұзындығы шамамен 180 шақырым болатын Семей – Бөрілі – Ақшоқы – Жидебай бағытын үш күн жүріп өткен. Бұл сапар Абай әлеміне тағзым ретінде ұйымдастырылған.


"Сапар Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйінен басталды. Қатысушылар киіз үй тігіп, ұлттық тағам әзірлеп, дастархан жайды. Семейлік әкелер сапарластарына шапан жауып, ілтипат көрсетсе, Қоңыр әулие басында Есік қаласының әкелері де құрмет білдірді", - делінген хабарламада.


Бөрілі мен Ақшоқы арасындағы 36 шақырым жолды атпен жүріп өткен топ Ақшоқыда қонып, келесі күні Құнанбай қажы зиратына барып, құран бағыштаған. Күшікбай батыр бұлағы, Құнанбай Өскенбайұлы мұражайы, Әйгерім бұлағы, Қоңыр әулие үңгірі, Абайдың мұражай-үйі, Жидебай қорымы және Кеңгірбай би кесенесі сынды киелі мекендерде болып, тағзым еткен.


Тарихи сапарды әкелер кеңесі ұйымдастырған. Мақсаты – Абай мұрасына құрмет көрсету арқылы ұлттық рухты дәріптеп, ата-ана мен педагог арасындағы рухани байланыс пен ынтымақтастықты нығайту.