07 мам, 2026 сағат 12:56

Африкада туған, Қазақстанға ант берген: Шымкентте ерекше сарбаз қызмет етіп жүр


Видеодан скриншот


Шымкентте Африка құрлығында дүниеге келген жас жігіт әскери борышын өтеп жүр. Карл Уэдраого бүгінде Ұлттық ұлан сапында ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздардың бірі, деп хабарлайды Almaty.tv.


Ол Африкадағы Буркина-Фасо мемлекетінде туғанымен, балалық шағы Алматыда өткен. Анасы қазақ ұлтынан болғандықтан, өзін Қазақстанның перзенті санайды.


– Менің анам – қазақ. Балалық шағым Алматыда өтті. Сондықтан Қазақстан – менің Отаным. Осы елге қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді қатардағы жауынгер Карл Уэдраого.



25 жастағы сарбаз әскери қызметті саналы түрде таңдағанын айтады. Оның сөзінше, Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы.


Қазір ол Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы құрамындағы 6506 әскери бөлімінде жүргізуші болып қызмет атқарады. Әскери бөлім басшылығы Карлдың тәртіпке беріктігі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.


– Басқа елде туылса да, Қазақстанның жол ережелерін өте жақсы меңгерген, – деді әскери бөлім командирінің орынбасары Идрис Чаушев.



Бүгінде аталған әскери бөлімде 500-ге жуық сарбаз қызмет етеді. Олар ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті күзетуге атсалысып жүр.