07 мам, 2026 сағат 13:02

Астанада көпбалалы полицейлерге пәтер кілті табысталды


Фото: Polisia.kz


Астана қаласында Қазақстан полициясы қызметкерлеріне арналған Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 81 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.


Шара барысында ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметте ерекше көзге түскен полицейлер марапатталды. Оларға «Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері», «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілері, сондай-ақ ведомстволық медальдар табысталды. Бірқатар қызметкерге мерзімінен бұрын арнайы атақ беріліп, грамоталар мен алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар тапсырылды.


Ең әсерлі сәттердің бірі – көпбалалы полиция қызметкерлеріне пәтер кілттерінің табысталуы болды. Бұл бастама жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асқан.


Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев ардагерлердің ерлігі мен бүгінгі қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтті.


Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, соғыс жылдарының әндері мен патриоттық шығармалар орындалды. Іс-шара соңында қатысушылар Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс батырларын еске алып, гүл шоқтарын қойды.