Фото: Баян Алагөзованың Instagram-парақшасынан
Баян Алагөзова Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешовамен кездесіп, өнер иесіне пәтер сыйлайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында продюсер актрисаға тарихи қамзол, эксклюзив зергерлік бұйымдар мен арнайы тігілген тон сыйға тартқан. Әсіресе Қыз Жібек фильміне қатысты тарихи қамзолдың табысталуы көптің назарын аударды. Баян Алагөзованың айтуынша, 56 жыл сақталған ұлттық киімнің әшекейі мен пішіні сол күйі қалған.
– Сіз – қазақ өнерінің иконасысыз. Сіздей адам жоқ және болмайды, – деді продюсер.
Кездесудің ең әсерлі сәті – Баян Алагөзованың актрисаға пәтер сыйлайтынын жариялауы болды. Оның сөзінше, Меруерт Өтекешова өзі қалаған ауданнан, өз қалауындағы баспананы таңдай алады.
– Сіз ең жақсы жағдайда өмір сүруге лайықсыз, – деді продюсер.
Өз кезегінде актриса мұндай құрметке толқып, алғыс айтуға сөз таппай қалғанын жеткізді.
Кездесу барысында қазақ қыздарының болмысы мен рухы туралы да әңгіме қозғалды. Актриса нағыз қазақ қызының бейнесін Қыз Жібек кейіпкерімен байланыстырды.
– Қазақ қыздары – рухы биік, өз таңдауын өзі жасай алатын жандар, – деді Меруерт Өтекешова.
