Фото: ашық дереккөз
Ақмола облысында 80 жастағы жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақмола облысы Астрахан ауданында 2025 жылдың жазында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы тіркелген. 80 жастағы жергілікті тұрғын көлік басқарып келе жатып, жол жиегінде келе жатқан жаяу адамды қағып кеткен.
Қатты жарақат алған жаяу жүргінші сол жерде қайтыс болған. Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Қайғылы жағдайдан кейін ол тиісті органдарға хабар бермей, оқиға орнынан бой тасалаған.
Қылмыстық іс ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (ЖҚЕ бұзу, абайсызда адам өліміне әкелу) және 347-бабы бойынша (ЖКО орнын тастап кету) кінәні мойындау туралы келісім тәртібімен сотқа жолданған.
Астрахан аудандық сотында жүргізілген процесс барысында айыпталушы өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетінін айтып, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.
Жәбірленушілер медиация арқылы бітімгершілікке келген. Олар келтірілген залалдың өтелгенін айтып, материалдық та, моральдық та талаптарының жоқ екенін мәлімдеген.
Прокурор мен қорғаушы процессуалдық келісімді қолдады.
Сот айыпталушының жасын, кінәсін толық мойындауын және өкінуін ескере отырып, оған 2 жыл 6 ай шартты жаза тағайындады. Сонымен қатар ол көлік басқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
