28 сәу, 2026 сағат 16:28

Ұйғыр ауданында 43 бас ірі қараны қолды қылған барымташылар құрықталды

Видеодан алынған скрин

Алматы облысында мал ұрлығына қатысты ірі қылмыстық іс әшкереленді, деп хабарлайды Ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15–16 сәуір күндері Ұйғыр ауданы Тасқарасу ауылы маңындағы «Жер көпір» жайылымында белгісіз адамдар қорадан 43 бас ірі қара малды ұрлап кеткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірден жедел-іздестіру шаралары басталған.

Полицияның хабарлауынша, жүргізілген арнайы операция нәтижесінде күдіктілер Жетісу облысы Жаркент қаласы аумағында ұсталды. Іске Криминалдық полиция басқармасы мен Ұйғыр ауданының жедел қызметкерлері бірлесіп қатысқан.

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеевтің айтуынша, 6 адам қолға түскен. Олар 43 бас ірі қараны ұрлап, оны заңсыз жолмен өткізіп жібергенін мойындаған.

Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып, олардың басқа да мал ұрлығы фактілеріне қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Айта кетейік, бұған дейін де Алматы облысында бопсалау және автокөлік ұрлығына қатысты қылмыстар әшкереленген болатын.