Фото: Сапарбек Нағашыбек Facebook-парақшасынан
АҚШ-та Мұхтар Мағауиннің бейітіне құлпытас қойды. Бұл туралы Facebook-парақшасында Сапарбек Нағашыбек жазды, деп хабарлайды Ult.kz.
"Бүгін Вашингтонда қазақтың ұлы жазушысы, зерттеушісі әрі тарихшысы Мұхтар Мағауиннің бейітінің басына құлпытас орнатылып, Америкадағы “Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының” ресми таныстырылымы өтті", - деп жазды ол.
Жазушының ұлы Едіге Мағауин әкесінің басына қойылған құлпытастың мағынасы туралы түсіндіріп өтті. Ол әкесінің қазақ әдебиеті мен ғылымына қосқан мол мұрасын құлпытаста ашып көрсетуге тырысқандарын айтты.
"Бұл жерге (бейіт басына, ред.) бір жылдың ішінде қанша қазақ келіп кетті. Бәрі де бұл жерді қазақтың киелі жері ретінде қабылдайтындарын айтты. Сондықтан біз әкеміздің басына тас қойған кезде келген адамдарға әсер беретіндей болсын, әкемізбен сырласқандай болсын деген оймен осындай етіп жасап шығардық.
Неге құлпытасқа тауды жасадық дейтін болсақ, бұл біздің ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы, тарихы.
Ал көне түркі жазуы - біздің көне түркі тарихымыз.
Әкем әдебиетке жолын жаңадан бастаған кезде, көне түркі жазуын аударуға ынта жасап өкрген болатын. Өмірінің соғында сол бастаған жұмысын аяқтап кетті.
Ал құлпытастың бетіндегі көрініс, біздің бертіндегі Шыңғыс хан заманынан басталған тарих, қазақ ордасы. Әкем әбден зерттеген, өзінің шығармаларына арқау еткен тарих.
Құлпытастың асты жағына қарасаңыздар, Аласапырандағы көк күйменің көші бейнеленген", - дей келе Едіге Мағауин жыраулар поэзиясынан да бейнелер қосылғанын, құран аяты не үшін жазылғанын және қазақ оюлары салынғанын айтып өтті.
Құлпытастың алдында ақ мәрмәр таспен кітап жасалған. Оған жазушының айтқан сөзі жазылған екен. Едіге Мағауинның сөзінше ескерткіш тасты Түркияда жасатқан.
Фото: Сапарбек Нағашыбек Facebook-парақшасынан
Мұхтар Мағауин – қазақтың көрнекті жазушысы, тарихшы әрі әдебиеттанушы ғалым. Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Шұбартау өңірінде дүниеге келіп, 2023 жылы 9 қаңтарда АҚШ-та дүние салды.
