03 сәу, 2024 сағат 23:19

Ақшасы, білімі бар Нүкеновалардың өзі әділдікке қалай жетіп отырғанын көріп отырсыздар — заңгер


Заңгер Айгүл Орынбек Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысты пікір білдірді

Заңгердің айтуынша, Бишімбаевтың оқиғаны баяндағаны бұрыннан келе жатқан сценарий. Бұл полицияның үнемі қолданатын сценарийі.

"Неке түні қайтыс болған қыз аяғы тайып құлап, ваннаға басын соққан еді, ал Салтанатты бұл жолы туалетте құлатыпты. Байлар адам өлтірсе, сот пен тергеу осылай әрбір деталь ашық айтылып, ұзаққа созылады. Қарапайым адам өлтірсе, ештеңенің анық қанығына бармай соттай салады", - деп жазды Айгүл Орынбек.


Бишімбаевтың соты ашық өткендігі дұрыс болды дейді ол. Айтуынша, сот халықтың құқықтық сауатын ашады.

"Біздің іріп-шіріп кеткен жүйеде өзіңді қорғау үшін неге дайын болу керек екенін ел көру керек осылай! Біздің елде судьялар өздерін құдайдай санайды! Егер адамның артында іздеушісі жоқ болса, сол адамның  тағдырын ойрандай салады. Негізі соттарды осылай ашық қоғам талқысымен өткізетін уақыт келді.
Әсіресе мына жемқорлыққа жақын Шымкент қаласындағы соттарды пилоттық жобада ашық өткізу керек!", - дейді заңгер.


Айтуынша, адамды сотқа шақырмай, сот кабинетіне арыз тіркемей жатып сот өткізіп, соттай беретін жағдайлар көп. 

"Ақшасы, білімі бар Нүкеновалардың өздері әділдікке қалай жетіп отырғанын көріп отырсыздар! Ал енді ақшасы жоқ қаншама қыздар осылай аяқтары тайып құлап, немесе өзі асылып өліп қалды деген сценарийімен қылмыстық істер жабылып кетіп жатқанын ойлай беріңіздер! Полицияның кесірінде қаншама маньяк бостандықта жүр!", - дейді ол. 


Айгүл Орынбек зорланған, өлген қыздардың ісін көтеремін деп қудаланып, қысымға ұшырағанын айтады. Ал біздің кейбір пагон таққан құзырлылар қыз зорлағыш маньяктарды қолдайтын көрінеді. 

"Ал көріңдер, біздің елде әділдік үшін күресу оңай ма екен?", - деп қорытындылады сөзін ол.