Фото: ҚР ОАМ
Екі жыл бұрын Самир Валерий минутына небәрі 90 сөз оқи алатын. Алайда, ұстазының қолдауы мен тұрақты жаттығулардың арқасында оның оқу жылдамдығы айтарлықтай артты. Қазіргі таңда ол минутына 16–17 мың сөз оқиды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жоғары оқу жылдамдығы Самирге оқу барысында сенімділік беріп, гуманитарлық пәндермен қатар нақты ғылымдарда да жетістікке жетуіне ықпал етті. Ол қалалық және аудандық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері атанып, 2023 жылы мектебінде «Жыл оқушысы» атағын иеленді.
Самир сыныптастары арасында ұйымшыл, мақсаткер және жауапты оқушы ретінде танымал. Мектеп өміріне белсенді араласатын ол көшбасшылық қабілетін және үздіксіз даму жолындағы ынтасын көрсете білді. Болашақта Самир білім, өнер және спорт салаларында өзін танытып, ел игілігі үшін қызмет етуді мақсат етеді.
