Фото: НеМолчиKz
Ақтау қаласында болған жан түршігерлік қылмыс туралы «НеМолчиkz» қоры хабарлады. Мәліметтерге сүйенсек, оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде болған. Сабақтан шыққан 13 жасар қызды жасөспірімдер тобы күштеп құрылыс алаңына апарып, сол жерде топтық зорлық көрсеткен, деп хабарлайды Ult.kz.
Қылмыскерлер тек зорлық-зомбылықпен шектелмей, зардап шеккен қызды аса қатыгездікпен азаптаған. Қордың мәліметінше, қызды ұрып-соғып, ішіне секірген, денесіне түрлі заттарды сұғып, қорлаған, қолына пышақпен балағат сөз жазған. Барлық әрекеттерін телефон камерасына түсіріп алған.
Зардап шеккен қыздың анасы полицияға арызды оқиға болған бойда, яғни қыркүйек айында-ақ түсіргенін айтады. Алайда, оның сөзінше, тергеу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр, ал айуандық жасаған жасөспірімдер әлі күнге дейін бостандықта жүр.
Осы оқиғадан кейін мектеп оқушысының психологиялық жағдайы күрт нашарлаған. Ол мектепке барудан бас тартып, қазіргі уақытта ауыр күйзеліске байланысты арнайы дәрілік ем қабылдап жатыр.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті бұл факт бойынша «Зорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
