Фото: ашық дереккөз
Ақтөбе облысында 23 жастағы жас педагогтың қаза болуына байланысты тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда оны мұндай қадамға не итермелегені әзірге белгісіз.
Белгілі болғандай, ол Темір ауданы Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекші мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Әріптестері оның жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, белсенді ұстаз болғанын айтады. Бірнеше күн бұрын ғана ашық сабақ өткізгені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Темір аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
