07 қар, 2025 сағат 17:23

Ақтөбеде әріптесін өлтіріп, несие рәсімдеткен ер адамға 20 жыл жаза тағайындалды


Фото: aikyn.kz


Ақтөбеде әріптесін алдап, атынан 7,7 миллион теңге несие рәсімдеп, кейін қылмысын жасыру үшін өлтіріп тастаған ер адам 20 жылға сотталды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.


Қылмыстық іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Іс материалдарына сәйкес, сотталушы Л. зауытта бірге істейтін әріптесі К.-мен дауласқаннан кейін одан ақша бопсалауға шешім қабылдаған.


2025 жылдың сәуір айында ол К.-ны үйінің алдында тосып, көлігімен қала сыртындағы аймаққа апарған. Сол жерде жәбірленушіні телефоны арқылы 7,7 миллион теңге несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, ақшаны танысы У.-дың есепшотына аударған.


Қылмысты жасыру үшін Л. әріптесін шүберекпен қылғындырып өлтіріп, мәйітін Алға ауданы аумағына апарып көміп тастаған. Тергеу барысында У. аса ауыр қылмысты жасырып қалғаны үшін жауапқа тартылды.


Сот үкімімен:


Л. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру) және 194-бабының 3-бөлігі (ірі мөлшерде қорқытып алу) бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды;
У. ҚР ҚК-нің 432-бабы (қылмысты жасыру) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды, бірақ Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық заңымен жазасы жеңілдетілді.


Сотталушылардың кінәсі бейнебақылау жазбалары, сараптама қорытындылары және заттай айғақтармен дәлелденді.


Жәбірленуші тарап соттан қатаң жаза тағайындауды талап еткен. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.