22 мау, 2022 сағат 11:50

Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия азаматы Қазақстанға экстрадицияланбақ


Ішкі істер министрлігі Қытайда жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты Нигерия азаматының Қазақстанға экстрадицияланатынын айтты, - деп хабарлайды ведомоствоның баспасөз қызметі.

"20 маусымда Нигерияда Интерполдың Қазақстан Республикасы ІІМ-дегі Ұлттық Орталық бюросының сұрауы бойынша ҚР ҚК 259-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыс (есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Адиндо Нонсо Фортуне ұсталды.

Қазіргі уақытта оны қамауда ұстау және Қазақстанға одан әрі экстрадициялау туралы процестік шешім қабылдау мақсатында қажетті материалдар Интерполдың Нигерия ҰОБ-на жолданды", - деді ІІМ-нің баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған. Оған шекарадан 4,5 келі есірткі алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ. 2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. Араға үш жыл салып, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу соты үкім шығарды – жаза өзгеріссіз қалды. 2019 жылы Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова көмек сұрап Қазақстан Президентіне хат жазды.

2019 жылы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде ізгілік танытып, Ақжарқынды Отанына қайтаруға жәрдемдесуге шақырды. Биыл мамырда Бас прокуратура Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқанын хабарлады.