Фото: yandex.kz
Алдағы алты-жеті жылда Алматыдағы зираттарда адам жерлейтін орын қалмайды, - деп хабарлайды Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы .
Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мәліметінше, қазіргі уақытта қалада 70 зират бар, оның 61-і қала әкімі қаулысының негізінде жабылған.
"Қалған зираттардағы бос аумақтар 60 гектар болады, олар алдын ала есеп бойынша алдағы 6-7 жыл ішінде толып қалады", – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Басқармада Алматыда жаңа зираттар қай жерде және қашан ашылатыны және олардың қанша орынға есептелетіні нақтыланбады. Айта кетейік, Алматыда дәстүрлі жерлеу түріне балама әзірге жоқ.
Құны 1,5 миллиард теңге болатын крематорий дәстүрлі жерлеумен қатар тағы бір балама бола алар еді, бірақ әзірге ол тоқтап тұр. Құрылысы аяқталғаннан кейін бірнеше ай бойы ешбір мемлекеттік орган оны өз балансына алғысы келмеді, себебі қолданыстағы санитарлық ережелерде крематорий қызметін реттейтін нормалар жоқ.
Алматы әкімдігі мәліметінше, қазіргі уақытта шешім қабылданған: крематорийлер қызметін нормативтік реттеу қарастырылғанға дейін нысанды күтіп-ұстаумен қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы айналысады.
