Фото: ҚР ОАМ
Қазақстан педагогтердің еңбегін бағалау көрсеткіші бойынша әлемде екінші орынға ие болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Адал білім – адал ұрпақ» республикалық форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Форум Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Шараға Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ректорлар, мектеп өкілдері мен салалық сарапшылар қатысты.
Министрдің айтуынша, мұндай жетістік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған реформалардың нақты нәтижесін көрсетеді.
«TALIS 2024 халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша, Қазақстан педагогтердің еңбегін бағалау жөнінен әлем елдерінің арасында екінші орында. Мектептердегі ішкі ахуал да жыл сайын жақсарып келеді. Бұл – Президенттің білім саласындағы реформаларының тиімділігінің дәлелі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ министр оқу-ағарту жүйесіндегі инфрақұрылымдық жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру, академиялық адалдықты қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект дәуірінде адалдық қағидаттарын сақтау – білім сапасын айқындайтын басты талап.
Форум аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Академиялық адалдық лигасы академиялық адалдықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды. 2026–2027 жылдарға арналған Жол картасы да бекітілді.
