21 қаң, 2026 сағат 16:04

Әлеуметтік желіге шектеу: балаға тыйым салу керек пе, әлде түсіндіру қажет пе?

Фото: mobilaser.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады. 16 жасқа толмаған азаматтар үшін тіркеуге тыйым салуды көздейтін заң жобалары әзірленіп, қоғамдық талқылауға шығарылған. Жоба тиімді іске асырылуы үшін Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдері әзірленеді, қажет болса жауапкершілік шаралары да қарастырылады. Сонымен қатар, медиасауаттылықты арттыруға, тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға, онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнаманы реттеуге де ерекше назар аударылуда. Осы орайда Ult.kz тілшісі мамандардан мәселенің мәнісін сұрап көрді.

Контентті сұрыптау тәжірибесі керек

«Шаңырақ» отбасын қолдау орталығының басшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, көпбалалы ана Ләззат Қожахметованың айтуынша, балалардың қандай контент тұтынып жүргені, қандай тәрбие мен білім алып жатқаны тек ата-аналардың ғана емес, мемлекеттің де бақылауында болуы тиіс деді.



Фото: Ләззат Қожахметованың Facebook парақшасынан


«Президент кеше Ұлттық құрылтайда Жасанды интеллект мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект дайын дүниені көшіріп алу емес, оны тиімді пайдалана білу қажет. Сонымен қатар оның жақсы және жаман жақтарын жан-жақты саралау керектігін айтты.
Мәселен, балаларға қатысты кейбір елдерде 14 жасқа дейін, ал кейбір мемлекеттерде одан да жоғары жасқа дейін интернетке шектеу қойылған. Яғни сапалы әрі дұрыс контентті сұрыптау тәжірибесі бар. Осындай тәжірибені бізге де енгізу қажет екенін атап өтті. Балалардың қандай контент тұтынып жүргені, қандай тәрбие мен білім алып жатқаны тек ата-аналардың ғана емес, мемлекеттің де бақылауында болуы тиіс деді.
Мен бұл пікірмен толықтай келісемін. Себебі қазір ата-аналардың басым бөлігі жұмыста жүреді, ал балаларымыздың қандай ақпарат алып жатқанын, нені үйреніп жүргенін жиі біле бермейміз. Қазіргі альфа, зет ұрпақ өкілдері жеке өмірге бейім, көпшілікпен араласа бермейді. Президент әсіресе әлеуметтік желілердің ықпалына тоқталып, кейбір жастардың сол желілер сіңірген идеологиямен өмір сүріп, тіпті мемлекеттерде тұрақсыздық тудырып жатқанын айтты. Бұл – біз бақылауды әлсіретіп алғанымыздың көрінісі», – дейді Ләззат Қожахметова.


Сонымен қатар, ол сөзінде, шектен тыс еркіндікке жол бермей, арнайы заңдар қабылдау қажетін қолдайтынын атап өтті.

«Жастардың ұлтқа деген сүйіспеншілігі, патриоттық тәрбиесі, дүниетанымы қадағалаусыз қалып барады. Сондықтан шектен тыс еркіндікке жол бермей, арнайы заңдар қабылдау қажеттігін Президент нақты айтты. Мен де осы пікірді қолдаймын.
Өзім көп балалы анамын. Екі балам мектепте оқиды. Бұрын үлкендер кітап оқып өсті, ал қазіргі балалардың не көріп, не тыңдап өсіп жатқанын біз кейде білмей қаламыз. Әлеуметтік желілерде түрлі боқтық сөздер мен ұятсыз бейнематериалдар өте көп. Сол себепті мұндай контентке заң жүзінде шектеу қойылып, қатаң бақылау жүргізілсе, мен ата-ана ретінде толық қолдаймын», – дейді Ләззат Қожахметова.


Тыйым – уақытша, түсінік – тұрақты

Бүгінгі қоғамда әлеуметтік желі тек байланыс құралы емес, баланың санасын қалыптастыратын қуатты ортаға айналды. Қолына смартфон ұстаған бала виртуалды әлемге ерте еніп, шынайы өмірмен байланысы әлсіреп бара жатқандай. Осы тұста қоғамды алаңдатқан басты сауал туындайды: баланы әлеуметтік желіден қалай қорғау керек? Бұл туралы №173 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Гүлбақыт Мұздыбаева талдап берді.



Фото: Гүлбақыт Мұздыбаеваның жеке мұрағатынан


Педагогтың айтуынша, мәселенің шешімі қатаң тыйымда емес, саналы тәрбиеде жатыр. Баланың әлеуметтік желіге деген қызығушылығын тек шектеу арқылы тоқтату мүмкін емес.


«Керісінше, қатаң тыйым баланың жасырын түрде интернетке әуестенуіне, ал бұл өз кезегінде бақылаусыз қауіпке алып келеді. Сондықтан педагог үшін ең дұрыс жол баламен ашық әңгіме жүргізіп, әлеуметтік желінің пайдалы және зиянды тұстарын салыстыра отырып түсіндіру. Артық ақпарат, жалған бейнелер, кибербуллинг, тәуелділік, бұлар баланың психологиялық дамуына кері әсер ететін факторлар. Мұны бала өзі түсінгенде ғана, шектеу нәтиже береді. Педагогикалық тәжірибе көрсеткендей, әр жастағы балаға қойылатын талап та әртүрлі болуы тиіс. Бастауыш сынып оқушысы үшін гаджет – ойыншық. Сондықтан бұл кезеңде нақты уақыттық шектеу мен қозғалысқа, ойынға, кітапқа баулу маңызды», – дейді педагог Гүлбақыт Өмірзаққызы.


Маманның айтуныша, жасөспірім кезеңде интернет қауіпсіздігі, жеке деректерді қорғау, фейк ақпаратты ажырату мәселелері алдыңғы орынға шығады. Ал жоғары сыныпта балаға сенім артып, өзін-өзі бақылауға, уақытты дұрыс басқаруға үйрету  тәрбиенің негізгі бағыты болуы тиіс.


«Қазіргі бала бұйрықты емес, дәлелді қабылдайды. Сондықтан педагог пен ата-ана баламен тең дәрежеде сөйлесіп, оның пікірін тыңдай білуі қажет. «Неге шектеу керек?» деген сұраққа дайын жауап беру емес, баланың өзіне ой салу  нағыз тәрбиелік тәсіл. Егер баланың өмірінде әлеуметтік желіден басқа қызық болмаса, кез келген шектеу сәтсіз болады. Үйірмелер, спорт, шығармашылық, кітап оқу аланың ішкі әлемін байытатын, виртуалды тәуелділікті әлсірететін басты құралдар. Мұнда мектептің де, қоғамның да рөлі зор. Балаға «телефонды аз қолдан» деп айтып тұрып, өзіміз экраннан бас алмай отырсақ, тәрбиенің нәтижесі болмайды. Сондықтан педагогтар ата-анамен тығыз байланыс орнатып, ортақ талап пен бірізді тәрбие жүйесін қалыптастыруы тиіс», – дейді  Гүлбақыт Мұздыбаева.


Мамандардың айтуынша, баланың әлеуметтік желіден толықтай алыстауы мүмкін емес. Бұл – заман талабы. Бірақ оны зияннан қорғап, саналы қолдануға үйрету бүгінгі педагог пен ата-ананың ортақ міндеті.


Ақбота Мұсабекқызы