06 нау, 2016 сағат 11:31

Әлиханның ұстазы һәм Алаш идеясының қайнар бұлағы

Әлихан Бөкейхан — тек Алаштың тәуелсіздігі жолына ғұмырын бағыштаған ірі саяси қайраткер һәм қазақтың көсемі ғана емес, ол — ең алдымен тұңғыш абайтанушы. Осы қыры бізге әсіресе ұнайды. Һәм осы қырынан көп дүниенің басталғандығын байқай бермейміз. Елге қызмет ету, сол жолда шейіт болуға дейін бару — өзі айтқандай «хан баласында қазақтың хақысы бар еді» деген ұстанымнан пайда болған жоқ. «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» — деген сөзін білсек те, сол мінездің қайнар бұлағы қайда жатқанын тағы аңдай бермейміз.

Алаш идеясының қайнар бұлағы тегінде — Абай. Абай — қазақтың тәуелсіздігі жолындағы майданды қағаз бетінде («Қара сөздер» «Қарамолла ережесі» т.б.) бастаған тұңғыш кәсіпқой идеолог.

Қазақты қалай азат қылам деп армандаған Абайдың ойын әкесі Құнанбаймен болған диалогынан білеміз ғой. Сол кезде жас Абай «жеңген жұрттың» білімін игермек керек демеуші ме еді. Жеңу үшін. Азат болу үшін. Қазақты ру мен жерге бөліп, қырық құрақ қоғам қылып отырған, шоқындыруға талпынған, тілі мен ұлттық келбетін уақыттың қоқысына тастағысы келіп жанығып жүрген отарлаушыларды қалай жеңбек керек? Қалай орыстың болат құрсауынан сытылып шықсақ мүмкін? Соны Абай ойламады дейсіз бе?!

Біз Абайды тек ақындық болмысын танып-біліп келдік. Философиясына әлі бойлай алған жоқпыз. Ол бөлек әңгіме. Ал, оның практик-саясаткер болғандығына, қазақтың ежелгі һәм өз заманындағы тамыры тереңде жатқан сан салалы, сан қабат рухани-саяси байланыстар мен дәстүрлердің, сол кездегі қазақ қоғамын біртұтас қылып тұрған діннің, Еуропа мен орыстың мәдениетінің білгірі болғанына мән бере бермейміз.

Абайдай үлкен шыңның басынан бастау алған Әлихандай, Алаш партиясындай қуатты бұлақ, уақыт өте келе тегеурінді, арналы, буырқанған асау өзенге айналды.

Әлихан Абаймен кездескен. Осыған жан-жүрегіммен сенемін. Талай елестетіп жатқам. Мимикаларына дейін. Дауыстары, жестикуляцияларына дейін. Еһ, шіркін десеңізші!

Жалпы, сөзін естімеген адамның қағаз бетінде жазбасы оның толық адамдық-рухани панорамасын көрсете алмайды. Әлихан Абайдың көзін көріп қана қоймай, ұзақ пікірлескен де шығар деп ойлаймын. Кез келген адамның тұлға болып қалыптасуы үшін ұстаз керек болса, Әлиханның ұстазы — Абай. Және қандай ұстаз! Екеуара «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемектен …» бастап, талай дүниені аударып-төңкеріп әңгімелескен де шығар деп долбарлаймыз.

Әлиханның жас Мұхтарға «Ұрпақ үшін Абайды жаз» деуінде де үлкен мән жатыр. Кім біледі, Әлихан Мұхаңды бағыттамағанда «Абай жолы» үстеліңізде жатар ма еді?! Кім білсін, кім білсін. Бәрі-бәрі бір-бірімен байланысты дүние ғой.

Әлихан Абайдың көз тірісінде ұлы шайырға «Жаңа әдебиеттің көшбасшысы» деп бағасын берген. Оны Абай естімеді, оқымады дейміз бе? Оқыған, естіген деп ойлаймын. Демек, Абай көз тірісінде өз елінен жоғары бағасын алған ақын деумізге толық негіз бар. Сол үшін де Әлихан атамызға рахмет.

Қарап отырсам, Әлихан Абайдан 21 жас кіші екен. Демек, 1902-03 жылдары кездесті десек, Абай 60-қа, Әлихан 40-қа қараған шағы. Екеуінің де өз миссиясына байланысты әбден толысқан шақтары. Абай Әлиханды ертерек көргенде «мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық» демес пе еді. Біздікі жорамал. Бір нәрсе ғана ақиқат — Алаш Абайшыл болды, Әлихан Абайшыл болды. Біздің міндет — Абайшыл һәм Алашшыл болу. Абайды сүйген — қазақты сүйеді, қазақты сүйген — оның жолында Әлихандай қызмет етеді.

Әлиханның туғанына — 150 жыл. Ұстазымен бірге жаны жәннатта болсын деп дұға етеміз. Қазақ сізге қарыздар, Әлихан ата!

Ақберен Елгезек