02 қаң, 2026 сағат 12:43

Алимент қарызы бар борышкерлер құмар ойынға 15 млн теңге жұмсаған


Фото: gov.kz


Түркістан облысында алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерге қатысты бірқатар өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Облыс прокуратурасының мәліметінше, алимент бойынша қарызы бар азаматтар өз міндетін орындаудың орнына букмекерлік кеңселерге қаржы салған, деп хабарлайды Ult.kz.


Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде алимент қарызы 166 млн теңгеден асатын 21 борышкердің құмар ойындарға 15 млн теңгеден астам қаражат жұмсағаны белгілі болды. Қазіргі таңда аталған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында тиісті іс-шаралар қолға алынған.


Сонымен қатар, өткен жылы өңірде алимент төлемеген 19 борышкерге Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.


Тексеру барысында сот орындаушылары тарапынан да бірқатар олқылық анықталған. Атап айтқанда, жалпы қарызы 1,5 млрд теңгені құрайтын 1 167 борышкерге ел аумағынан шығуға шектеу қойылмаған. Ал 18 млн теңге қарызы бар 21 адамның елден шығуына қатысты деректер тіркелген. Бұдан бөлек, 170 млн теңге берешегі бар 120 борышкердің мүлкіне тыйым салынбаған, ал 2 635 азаматтың көлік басқару құқығы уақытша тоқтатылмағаны анықталды.


Осы олқылықтардың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасының бастамасымен борышкерлер мен олардың отбасыларына әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету тетігі іске қосылды. Сот орындаушылары «FSM Social» электрондық платформасына қосылып, борышкерлерді жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және рухани көмек көрсету жұмыстары цифрлық форматта жүзеге асырылмақ.