Фото: Видеодан скриншот
Алматы облысында 14 жастағы жасөспірім қаза тапты. Отбасының айтуынша, баланы жоғарғы сыныптың оқушылары соққыға жыққан, деп хабарлайды Ult.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Оқиға қалай болды?
Қайғылы жағдай 13 қыркүйек кешінде болған. Туыстарының айтуынша, Алихан үйден серуендеуге шыққан, алайда бір сағаттан кейін оны ес-түссіз күйде тауып алған. Оқиға орнына келген әкесі ұлын жарақатпен көрген, ал куәгерлер баланың «еш себепсіз құлап қалғанын» айтқан.
«Мен келгенімде ұлымның жанында шамамен он шақты адам тұрды. “Не болды?” деп сұрағанда, олар “Балаңыз кенеттен құлап қалды” деп жауап берді», – деді марқұмның әкесі Данияр Нұрғалиев.
Отбасының нұсқасы
Туыстары Алиханның соққыға жығылғанын айтады. Әкесінің сөзінше, дүкен камерасының жазбасында бір топ жоғары сынып оқушысының Алиханды тоқтатып, қараңғы көшеге қарай ертіп бара жатқаны көрінеді.
«Ұлымды жансақтау бөліміне апарған кезде дәрігерлер оның соққы алғанын айтты. Камерадан да көрініп тұр — оны әдейі қараңғы көшеге алып кеткен. Бұдан бөлек, күдіктілер достарына “Қазір Алиханды ұстап алып, сабаймыз” деген», – деді Данияр Нұрғалиев.
Полицияның түсіндірмесі
Талғар ауданының полициясы қылмыстық іс қозғаған. Бір жасөспірім күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда марқұмның туыстары қылмысты саралаумен келіспей отыр және оқиғаға қатысқан барлық баланы жауапкершілікке тарту керек деп есептейді.
«Кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соққан дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды», – деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда 15 жастағы оқушыны соққыға жығып өлтірген оқиға бойынша да барлық қатысушылар ұсталып, тергеу жүріп жатыр.
