02 жел, 2025 сағат 10:42

Алматы облысында әйел алаяқтарға картасын пайдалануға бергені үшін сотқа тартылды

Фото: Pexels.com

Алматы облысының прокуратурасы Қылмыстық кодекстегі жаңа 232-1-бап («Дропперлік әрекет») бойынша алғаш рет сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны алаяқтарға делдал болғаны анықталған. Ол OLX сайтындағы “онлайн-төлемдер операторы” туралы жалған хабарландыруға сеніп, өз банк картасын қылмыстық топтың пайдалануына берген.

Соның нәтижесінде қыркүйек айынан бастап оның шотына 2 млн теңгеден астам қаржы түскен. Әйел адам оның 5 пайызын «комиссия» ретінде алып отырған, ал қалған сома алаяқтардың шоттарына аударылған.

Прокуратура бұл схеманың алаяқтар арасында кең таралғанын атап өтті. Олар ұрланған қаражатты тез қолма-қол ету үшін банк карталарын беруге дайын адамдарды іздейді. Енді заңға енгізілген өзгерістер бойынша, тек алаяқтардың өздері ғана емес, олардың «дроппер» қызметін атқарған адамдар да қылмыстық жауапқа тартылады.

Қазір Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы барлық қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап «дропперлік» әрекет үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жауапкершілік өз реквизиттерін бөтен адамдарға ерікті түрде беретіндерге де, өзгенің банк карталарын сатып алатын немесе пайдаланатын адамдарға да қолданылады.

Прокуратура азаматтарға банк карталары мен ПИН-кодтарын, логиндері мен құпиясөздерін бөгде адамдарға бермеуді және күмәнді сайттарда жеке мәліметтерді енгізбеуді ескертті.