Фото: ашық дереккөз
Алматы облысында бопсалау және қарақшылық жасады деген күдікпен бір топ адам қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 16-17 сәуірге қараған түні Талғар ауданында күдіктілер 28 жастағы азаматты алдын ала жоспар бойынша адам аз жүретін жерге алдап шақырған. Кейін пышақпен қорқытып, күш қолдану арқылы дене жарақатын келтіріп, таулы аймаққа күштеп алып кеткен.
Олар жәбірленушіні құқық қорғау органдарына оның заңсыз әрекеттері туралы жалған ақпарат таратамыз деп қорқытып, 10 миллион теңге талап еткен. Сондай-ақ құны шамамен 17 миллион теңге болатын автокөлігін кепіл ретінде алып қойған.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
