02 қар, 2021 сағат 18:27

Алматыда «Әлихан Бөкейханов. Дәуір адамы» кітабының тұсаукесері өтті


Алматыда «Әлихан Бөкейханов. Дәуір адамы» («Алихан Букейханов. Человек-эпоха») кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітап авторы Ресейлік азамат, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сібір басқару және бұқаралық коммуникациялар академиясының тең құрылтайшысы және ректоры Виктор Иванович Козодой. 

Ғалымның айтуынша, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов жайлы еңбегін мұрағаттан алынған ақпараттарға сүйене отырып жазған.

«Қазақстанның белгілі тарих институтында кітабымның тұсаукесерін өткізу мен үшін зор мәртебе. Кітап жазудағы басты мақсатым ресейлік оқырмандарды қазақтың асыл тұлғасы Әлихан Бөкейхановпен таныстыру болды. Кітапқа «Әлихан Бөкейханов. Дәуір адамы» деген ат қойдым. Неге? Себебі, Әлихан Бөкейхановтай тарихи тұлғаны бір дәуірмен теңестіруге болады», - деді ол.

Сондай-ақ, кітап авторы Алашорда үкіметінің жетекшісі туралы бірі білсе, бірі біле бермейтін деректерді де өз туындысына қосқанын айтты. 

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен салтанатты шараға ғалымдар, саясаттанушылар, тарихшылар, өлкетанушылар, БАҚ өкілдері қатысты. 

Шара барысында ҚР Ұлттық ғылым Академиясының Вице-президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Қалимолдаев кітап авторына Құрмет грамотасын табыстап, үстіне шапан жапты.