10 жел, 2025 сағат 17:39

Алматыда автобус жүргізушісі телефонға алаңдап, қызды қағып кетті (видео)

Фото: ашық дереккөз

Алматыда жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға кеше сағат 10:54-те Алмалы ауданында болған. Төле би даңғылымен батысқа қарай қозғалған қоғамдық көлік Исаев көшесімен қиылыста 2007 жылы туған қызды қағып кеткен. Жасөспірім белгіленген жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан.

Зардап шеккен қыз дереу ауруханаға жеткізілді.

Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, автобус жүргізушісін қамауға алған.

ПД өкілдері жүргізушілердің жолда мұқият болу қажеттігін тағы да ескертті.

«Жолаушы тасымалына жауапты жүргізушінің жолда ұялы телефонға алаңдауы — мүлдем жол беруге болмайтын әрекет. Әр жүргізуші адамдардың өмірі өз қолында екенін түсінуі керек. Барлық қоғамдық көлік және жеке автокөлік жүргізушілерін жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», — деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.