17 қыр, 2025 сағат 17:33

Алматыда мүгедектігі бар жандарға арналған инновациялық IT-шешімдер таныстырылды

Фото: Gov.kz

Алматыда Нархоз университетінде ITMLab жобасының екінші маусымына арналған Intro Day іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Онда еліміздің әр өңірінен келген 40 команда мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған заманауи технологиялық шешімдерін ұсынды. Шараны ITeachMe қоры ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Chevron компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.

Бұл жолы қатысушылардың географиясы кеңейіп, Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе, Талдықорған және басқа да қалаларды қамтыды. Бұл жоба ұлттық деңгейде инклюзивті ортаны дамытуға ерекше үлес қосып отырғанын көрсетеді.

Командалар инклюзияны арттыруға бағытталған бірқатар тың жобаларын таныстырды. Олардың ішінде:

  • аяққа арналған экзоскелет прототипі;

  • сал ауруына шалдыққан адамдарға арналған жасанды интеллект негізіндегі ауызішілік капа;

  • көру қабілеті төмен жандарға кеңістікте бағдарлауға көмектесетін смарт-көзілдірік;

  • ым-ишара тілін нақты уақытта ауызша сөзге аударатын HandInHand атты ЖИ платформасы бар.

Іс-шарада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай құттықтау сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жастардың креативті ойы мен батылдығы жаңа мүмкіндіктер ашып, шынайы инклюзивті қоғам қалыптастыруға жол ашады.

Вице-министр өткен жылғы жобалардың нақты нәтижелеріне де тоқталды. Мәселен, финалға шыққан 6 команда көру қабілеті нашар адамдарға арналған сенсорлы алқа, оңалту экзоскелеті және ым-ишара тілін аударатын қосымша сияқты ерекше шешімдерін ұсынған болатын.

Биыл да үздік 20 команда іріктеліп, келесі трекинг кезеңінде өз жобаларын одан әрі дамытады.

Айта кетейік, ITMLab жобасы қатарынан екінші жыл өткізіліп отыр. Өткен маусым қорытындысында үздік стартаптар грант иеленіп, өздерінің прототиптерін іске асыруға мүмкіндік алған. Жоба инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған ұлттық платформаға айналып келеді.