Фото: Видеодан кадр
Алматыдағы пәтерлердің бірінің иесі жан түршігерлік жағдайға тап болды: тұрғын үйдің іші қанға боялған — еденде, қабырғаларда және тұрмыстық техникада қан іздері болған. Алғашында ер адам клининг қызметін шақырған, алайда қызметкерлер жағдайды көрген соң полицияға хабарласқан. Кейін оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы да жеткен, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Ult.kz. Пәтерден түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралып, қолданушылар бұл жерде қылмыс болуы мүмкін деген болжам айтқан.
Алайда Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Полицияның мәліметінше, оқиға кеше Бостандық ауданындағы пәтерлердің бірінде болған. Пәтерде спирттік ішімдік ішу барысында екі апалы-сіңлілі болған. Солардың бірі абайсызда сынған шыны бөтелкеге аяғын кесіп алған. Пәтерде қанның көп болуы дәл осы жарақатпен байланысты.
Полиция өкілдері ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасалды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Оқиғаға қатысушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жағдай профилактикалық бақылауға алынған.
Құқық қорғау органдары азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми мәліметтерге сүйенуге шақырды.
