19 ақп, 2026 сағат 14:56

Алматыда тұқым қуалайтын ангионевротикалық мәселесі талқыланды

Фото: ұйымдастырушылардан

Алматыда тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісінуге (ТҚАІ) арналған эксперттік паблик-ток өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

ТҚАІ — сирек кездесетін, бірақ өте қауіпті ауру. Ол көбіне өмірге қауіп төнген сәтке дейін байқалмай қалып жатады. «Такеда Қазақстан» компаниясының қолдауымен өткен шараға дәрігерлер, журналистер, науқастар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, дертті ерте анықтау мен алдын алу мәселелерін талқылады.

«Біз бұл кездесуді 28 ақпанда атап өтілетін Халықаралық сирек кездесетін аурулар күні қарсаңында өткізіп отырмыз. Мақсатымыз — адам өміріне қауіп төнгенше белгісіз болып қалатын диагноздарға назар аударту. ТҚАІ — сондай дерттің бірі. Мұнда дер кезінде диагноз қою мен алдын алу емі науқастың аман қалуына тікелей әсер етеді», — деді «Такеда Қазақстан» компаниясының медициналық департамент директоры Заринна Қожахметова.


«Үнсіз қауіп» деген не?

ТҚАІ кезінде дененің кез келген жері (бет, ішкі мүшелер, аяқ-қол, тамақ) кенеттен ісініп кетеді. Бұл ісінулердің қайсысы ажалға әкелетінін болжау мүмкін емес. Егер ісіну тыныс алу жолдарында болса, адам тұншығып қалуы ықтимал. Сондықтан дәрігерлер бұл дертті «үнсіз қауіп» деп атайды.

Қазақстандағы жағдай: Статистика не дейді?

Әлемдік деректер бойынша, бұл дерт 50–100 мың адамның біреуінде кездеседі.

Болжам: Қазақстанда 700-ден 1500-ге дейін науқас болуы мүмкін.

Шындық: Ресми түрде тек 100-ге жуық жағдай тіркелген.

Бұл көрсеткіш аурудың анықталу деңгейі төмен екенін және қоғамның бұл мәселеден хабарсыздығын көрсетеді.

«ТҚАІ өзінің болжап болмайтындығымен қауіпті. Адам сырттай сап-сау көрінгенімен, кез келген сәтте өміріне қауіп төнуі мүмкін. Біздің міндетіміз — науқастар мен олардың жақындарына қауіпті симптомдарды тануды үйрету», — дейді Алматы қаласының бас штаттан тыс аллерголог-иммунологы Арай Батырбаева.


Тұқым қуалайтын фактор

Сарапшылар бұл аурудың генетикалық сипатына тоқталды. Егер бір отбасы мүшесінен ТҚАІ анықталса, оның барлық жақын туыстары тексеруден өтуі тиіс. Бұл мүгедектік пен өлім қаупін азайтуға көмектеседі.

«Ең қиыны — белгісіздік. Диагноз қойылғанға дейін мен үнемі қорқынышпен өмір сүрдім. Ал қазір бәрі түсінікті, жағдайды бақылауда ұстауға болады. Ауру туралы білу және емге қолжетімділік — өлімнен қорықпай, өмірді жоспарлауға мүмкіндік береді», — деп бөлісті «Тұқым қуалайтын ангионевротикалық науқастарының ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Екатерина Татаренко.


Бұл — үкім емес

Бүгінгі таңда ұзақ мерзімді алдын алу (профилактика) — ең тиімді стратегия. Ол ісіну ұстамаларының жиілігі мен ауырлығын азайтады.

Белгілі тележүргізуші Вера Захарчук атап өткендей: «ТҚАІ — үкім емес. Дұрыс таңдалған терапия арқылы науқастар толыққанды өмір сүре алады».

Кездесу соңында Вера Захарчуктің «Медицина KZ» бағдарламасынан үзінді көрсетілді. Онда науқастардың шынайы оқиғалары арқылы статистиканың артында нақты адам тағдырлары тұрғаны көрсетілді.