07 қар, 2025 сағат 11:17

Алматыда заңсыз онлайн-құмар ойындарын ұйымдастырғандар сотталды

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы қаласы бойынша департаменті «PokStars» және «LuckyShark» атты заңсыз онлайн-құмар ойындарын ұйымдастырған тұлғалар тобына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, ставкалар банк арқылы қабылданып, кейін ойыншыларға жүйеге кіру үшін логин мен құпиясөз берілген. Қаржылық операциялар туыстары мен үшінші тұлғалардың, соның ішінде шетел азаматтарының (дропперлердің) атына рәсімделген банк карталары арқылы жүргізілген.

Жаңа ойыншыларды тарту үшін ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде нысаналы жарнама арқылы ойын клубын белсенді түрде жарнамалаған.

Сот үкімімен үш кінәлі тұлға 2 жыл 6 айдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекет пайдасына 116 миллион теңге көлеміндегі заңсыз табыс пен “ZEEKR” маркалы автокөлік тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.

ҚМА мәліметінше, агенттік заңсыз ойын бизнесін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

Соңғы екі жыл ішінде:
🔹 105 сотқа дейінгі тергеу тіркелген;
🔹 22 жасырын казино мен 65 ойын залы, 441 терминал жойылған;
🔹 «Кибербақылау» жүйесі арқылы 33 мыңнан астам онлайн-казино сілтемесі бұғатталған;
🔹 заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 166 адам сотталған.

Агенттік азаматтарды күдікті онлайн-ойындар мен қаржы алаяқтықтары туралы 1458 нөмірлі call-орталыққа хабарлауға шақырады.