03 қар, 2025 сағат 14:36

Алматыда жер сілкінісі кезінде ескерту жүйесі істемей қалған іс бойынша сот үкімі шықты


Фото: egemen.kz


Алматыда 2024 жылғы 23 қаңтарда болған жер сілкінісі кезінде автоматтандырылған хабарлау жүйесі істемей қалып, тұрғындарға ескерту хабарламасы уақытылы жетпеген. Қалалық прокуратураның мәліметінше, тексеріс барысында ескерту жүйесін сатып алу кезінде заңбұзушылықтар анықталған. Тергеу нәтижесінде «TNS-INTEC» ЖШС бас директоры сапасыз жабдық жеткізіп, жалған актілер арқылы бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырғаны дәлелденді.


Бұл іс бойынша Алматы гарнизонының әскери соты үкім шығарды.


Сот шешімімен компания басшысы мен Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдері қылмыстық жауапқа тартылды.

Тергеу материалдарына сәйкес, олар жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқан. Барлық айыпталушы кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру және мемлекеттік, квазимемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан айыру жазасы тағайындалды.


Прокуратура Алматыдағы жер сілкінісі кезіндегі ескерту жүйесінің істен шығуына осы заңбұзушылықтар себеп болғанын атап өтті.


Айта кетейік, 2025 жылғы 23 қазанда Алматы тұрғындарына тағы да жер сілкінісіне байланысты ескерту хабарламасы жіберілді. Бұл жолы Қырғызстан аумағында тіркелген сейсмикалық белсенділік Алматы тұрғындары мен инфрақұрылымына қауіп төндірмеген.