07 қыр, 2020 сағат 06:11

Алты мектептің айыппұлына кім кінәлі?

(Көрнекі сурет)

25 тамыз күні КазТАГ және басқа да бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары екібастұздық алты мектеп директорының айыппұл арқалағаны жайлы ақпарат таратты.  

«Полиция қызметкерлері тексеріс кезінде екібастұздық алты мектептегі бейнебақылаудың терроршылдыққа қарсы қорғаныс талаптарына сай еместігін анықтады», - деген мәлімет «Павлодар онлайн» парақшасында да жария болды. Ақпаратта мамандандырылған әкімшілік сот шешімімен мектеп басшыларына 389 мың теңгеге айыппұл салынғаны айтылған. 

«Бүгінгі таңда Павлодар облысында лаңкестік тәуекеліне жақын 727 нысан бар, оның 596-сы – оқу орындары, ауруханалар, сауда үйлері, көңіл көтеру орындары сияқты көпшілік жиналатын орындар мен вокзалдар. Екібастұздың білім мекемелерін тексеру кезінде терроршылдыққа қарсы іс-қимыл талаптарын бұзудың алты фактісі анықталды. Мысалы, №36 мектеп-лицейде, №23 орта мектепте, №11, №33, №2 және №35 мектептерде бейнебақылау жүйесінің талапқа сай еместігі белгілі болды. Осыған орай, полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 149-бабына сәйкес, материалдарды сотқа жолдап, нәтижесінде басшыларға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды, бұл – 389 теңге шамасы», - дейді Павлодар облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Жанат Слямов. 

Ал енді бейнебақылау жүйесінің талапқа сай еместігін білмейтіндей, бұл алты мектептің директорлары аяқтары салбырап аспаннан жаңа түсті ме? Жоқ, әрине! 

Екібастұздың барлық мектебінде қалалық білім бөліміне Жазира Хамзабаева басшы болып келгенге дейін бейнебақылау жүйесі дұп-дұрыс еді. Жазира Амангелдіқызы басшы болысымен «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Жазира ханым мен есеп-қисап бөлімінің қызметкері Арай Әбікенова (Хамзабаеваның сіңлісі) директорларды бірнеше рет жинап, мектептердегі бейнебақылау жүйесіне қызмет көрсетіп отырған павлодарлық фирмамен келісімшартты бұзу және екібастұздық «GlazOK» ЖК-мен жаңадан келісімшарт жасасу керектігін айтады. Басшылық тарапынан бұлайша пәрмен беру бірнеше рет қайталанған соң барлық басшы астарынан су шыққандай павлодарлық фирмамен келісімді бұзады.

«Бақсақ, бақа екен» демекші, кезінде павлодарлық фирма бірер бақылау камерасын білім мекемелеріне тегін құрып берсе керек. Келісімшарт бұзыла салысымен олар өздері тегін құрған камераларды түгел шешіп әкетеді. Бірақ «GlazOK» ЖК олардың орнын толтыруға асықпайды. Асықпайтын себебі де бар. Біріншіден, бұл жаңадан ашылған фирма болатын, сол себепті де камера орната қоярлық керемет қауқары бола қоймағаны анық. Жұмыскер саны да жеткіліксіз. Бұл фирманың өмірге келуі, яғни, кәсіпкер ретінде тіркелу уақыты да Хамзабаева ханым басшы болғаннан сәл кейін. Неткен сәйкестік десеңізші! Нарықта аз ғана уақыт жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, 2020 жыл басынан осы уақытқа дейін 94 келісімшарт жасасып, 25 миллион теңгеден астам сома пайда тапқан. Келісімшарттарының басым бөлімі Екібастұз өңірінің мектептері мен балабақшаларына тиесілі. Қалайша таңғалмассыз! 

Екіншіден, аталмыш фирма әуелі өзінің монтаждау қызметі үшін 300 мың теңге сұраған көрінеді. Одан кейін білім мекемелері ай сайын камераларды ұстауға 15 мың теңге төлеп тұруы тиіс болады. Төлеп жатыр да. Үлгергендер 300 мың теңгеге орнатып үлгереді, біраз уақыттан соң фирма монтаждау бағасын 380 мың теңге етіп өзгертеді. Және келісімшартқа отырғанның өзінде толып жатқан мектепті фирмадағы бір-екі адам қажетті камералар санымен қамтамасыз етіп үлгере алмайды. Ол екі ортада мектептерге тексеріс келіп үлгереді. Ал бұрынғы павлодарлық фирмамен жұмысты жалғастыра берсе, мектептер (балабақшалар да бар) мұндай 300-380 мың теңге қосымша шығынға ұшырамас еді. Білуімізше, алдағы уақытта жетпейтін камераларға бюджеттен тағы да ақша бөлінетінге ұқсайды. Бюджет ақшасына тиіспей-ақ, павлодарлық фирмамен ың-шыңсыз жұмысты жалғастыра берсе қайтетін еді? Екібастұз қаласы бюджетінің басы артық ақшасы көптігін осыдан біле беріңіз! 

Білім бөлімі басшысының түртпектеуі кесірінен бастары пәлеге қалған директорлар енді айыппұлды өз қалтасынан төлей ме, әлде тағы да бюджеттің мол ақшасынан төлер ме екен? Және айыппұл арқалайтындар тек осымен шектеле ме?! 

Жалпы, білім бөлімінің есеп-қисап қызметінде еңбек ететін Арай Әбікенованың ауыл мектептеріне қатысты тендерлермен (мәселен, Қоянды, Қарасу ауылдары) шимай-шатағы бар деп естиміз. Дегенмен мұның анық-қанығын тексеруді құзырлы органдар еншісіне қалдырдық! 

Дастан Серік, Екібастұз

 

Сайт әкімшілігі мақала авторының қандай да бір дәлел-дәйектері, ой-пікірі һәм тұжырымдары үшін жауап бермейді. Жеке авторлар мақаласы "Ұлт порталының" өз өнімі боп есептелмейді.