22 ақп, 2016 сағат 19:54

Әмірхан Балқыбек. Атлантида түркiлер мекенi болған ба?

Эх, Солон, Солон! Сендер, эллин­дер, ақыл тоқтатпаған жас бала секiл­­дi­­сiңдер. Асылы, эллиндер ара­сында елге үл­­гi-өнеге көрсетер дегдар қария қал­­ма­ған-ау.

Платон, «Тимей»

Көне Грекияның көрнектi мемлекет қайраткерi әрi заң реформаторы, Элладаның әйгiлi жетi данышпанының бiрi Солон (б.д.д.638-559 жж.) Мысырға жасаған саяхаты кезiнде жергiлiктi абыздардың бiрiнен бағзы уақытта өз төңiрегiне үстемдiк етуде Афинымен бәсекелес болған арал-мемлекет Атлантида туралы әңгiме естидi. Абыз күнәға батқан тұрғындары Тәңiрiнiң қаһарына ұшырап, Атлантиданың дүркiн-дүркiн қайталанған сұрапыл зiлзаладан су түбiне шөгiп кеткендiгiн баяндайды. Елiне оралған Солон осы естiгендерiн өлең етiп жырламақ болған.

Кiм бiледi, Атлантида жайлы әңгiме сол Солонмен бiрге мәңгiлiкке ұмытылып кетер ме едi, егер оның Платон (бд.д.428-348 жж.) деген бiлiмдар ұрпағы болмағанда. Платон өзiнiң «Тимей» және «Критий» атты пәлсафалық еңбектерiнде Солоннан бабалары естiп, одан өзiне жеткен әңгiме ретiнде осы жайттарға кеңiнен тоқталады.

Бiр қарағанда Платон әңгiмесiнiң қиялдан шығарыл­ған­дай көрiнетiнi бар. Бiрақ өзi ақындарды қияли деп сынап-мiнеуге құмар Платонның аңыздан гөрi нақты деректерге ыждахат қоятын ғалым екендiгiн ескерсек, әңгiме негiзiнде ақиқат жатқандығы да байқалады. Бiрақ қандай ақиқат?

Амал қанша, адамзат баласы екi жарым мың жылдан берi бұл сауалға нақты жауап таба алмай келедi. Есесiне болжам-жорамалдар шаш етектен. Бiрi Атлантиданы Атлант мұхитының табанынан iздеудi ұсынса, келесiсi оны алыстағы Американың бағзы өркениеттерiнiң бiрi санайды. Iшiнара белгiсiз арал-мемлекеттi әйгiлi Бермуд үштағанымен байланыс­ты­ра­тындар да ұшырасады. Ең көнекөз кiтаптардың бiрi сана­латын «Тәуратта» осы бiр мемлекет-арал туралы ешқандай тұс­­­пал-дерек кездеспейтiндiгi де кезiнде бұл бағыттағы iз­­­де­нiстердi сан рет тығырыққа тiреген. Бiрақ жердiң терең қат­парларынан ғылымға әлi белгiсiз болып келген көне өркениет ошақтарының орны табылған сайын Атлантида жайлы әңгiменiң де оқтын-оқтын қайта қаулай жөнелетiнi бар. Бүгiнгi тарих, археология, геология, мұхиттану секiлдi ғылымдарда қарқындай дамығандары үшiн белгiлi бiр деңгейде осы аңызбен ұштасқан немесе аңызға бергiсiз Атлантидаға қарыздар. Ал, бұл тақырыптың әдебиет пен ки­­нематографияға тигiзген әсерiн айтпай-ақ қойсақ та болады. Атлантида жайлы жазылған шығармалар мен түсiрiлген фильмдердiң ержүрек саяхатшылар мен жаратылыс жұм­­бақ­­тарын шешуге құмар ғалымдардың әлi талай жас буынын тәр­биелейтiндiгiне күмән жоқ.

Сонымен, Платон жазып қалдырған осы бiр Атлантида деп аталатын ел тарихта расында да болды ма? Болса, орны қай жер, тұрғындары кiмдер болған? Осы сауалға бiз де хал-қадерiмiз жеткенше жауап iздеуге тырысқанбыз. Аталмыш тақырыпқа қатысты әр түрлi бастаухаттарда ұшырасатын де­­ректердi өзара ұштастыру барысында атлантология саласында бұ­­ған дейiн жасалып келген жорамалдардың қай-қайсысына да кереғар келетiн пiкiрге тоқтағанымызды да жасыра ал­май­­мыз. Яғни, естiр құлаққа тосын естiлсе де айтайық, Платон, Абайша айтқанда Аплатон шалдың атақты Атлантидасының тұр­ғындары прототүркiлер болған дегiм келедi. Иә, иә, бiздiң байыр­­ғы бабаларымыз. Бұндай түйiн жасауға қандай дәлел-дәйектерiмiз бар? Ендi соларға тоқталайық.

Әңгiменi сауалдан бастаған жөн секiлдi. Көне мысыр­лықтар мен бағзы гректерге белгiлi болған жәйттi жағра­пия­лық тұрғыдан екi елдiң ортасында жатқан жебiрейлер мен арабтардың бiлмеуi қалай? Мысалы, екi адамның әңгiмесiн тас керең болмаса ортада отырған үшiншi кiсiнiң естiмеуi мүмкiн бе? Әрине, мүмкiн емес. Олай болса не жебiрей, не араб көне жазбаларында Атлантидағы қатысты қандай да бiр деректер сақталуға тиiс қой.

Рас, «Құранда» да, «Тәуратта» да Жаратқанның қаһарына ұшырап, тұрғындарымен бiрге жермен-жексен болған қалалар мен шәрлар жайлы әңгiмелер жетерлiк. Нұх пайғамбар заманындағы топан су немесе кейiнiректегi Содом мен Гоморра хикаялары болсын, қай-қайсысы да Атлантида оқиғасымен тағдырлас жайттардан сыр шертедi. Бiрақ Атлантида еместiктерi және анық. Сонда Атлантида қайда? Әлде Платон шалдың Атлантидасы шынымен-ақ құрғақ қиялдың жемiсi ғана болғаны ма?

Жоқ, олай болмаса керек. Әйтпесе, «Құрандағы» «Оларға апат әмiрiмiз келген сәтте, ол жердiң үстiн астына келтiрдiк. Сон­­­дай-ақ үстерiне ерекше әзiрленiп қыздырылған тас жау­­дыр­дық» (Һұд сүресi) секiлдi сөздердi қалай түсiндiруге бо­лады. Осы үзiндiнiң бiрiншi сөйлемi зiлзала жөнiнде-ақ болсын делiк,ал екiншi сөйлемi қуатты жанартау атқылауынан сыр ашып тұрған жоқ па! Ал төңiрегiне от жаудырған мұндай жанартауларды «Құран» дүниеге келгенге дейiн араб елдерiнiң территориясынан кездестiре аламыз ба? Әрине, жоқ. Сондай-ақ бүгiнгi араб мем­­ле­кет­терiнен де зiлзала, жермен-жексен етер немесе жанартау тасты алауының астында қалу қаупi төнiп тұрған елдi мекендердi таба қоюымыз неғайбыл. Демек, «Тәурат» пен «Құрандағы» қорқынышты әңгiмелер тек араб немесе жебiрей елдi мекендерi ғана емес, олардан сыртқарырақта орналасқан қалалар жайында да болуы мүмкiн. Мысалы, Кiшi Азияның батысында немесе Жерорта теңiзi аралдарында орналасқан байырғы кенттер турасында.

Сүрелердi зерделеп оқысақ, шынында да «Құранда» Нұх пайғамбар қауымынан кейiн апат болған Ғад әулетi жайлы жиi айтылатыны байқалады. «Ғад қауымына туыстары Һұдты (ғ.с.) жiбердiк» (Һұд сүресi). Бiздiңше, Платон Атлантидасы мен «Құрандағы» осы Ғад екеуiнiң түбiрi бiр. Ел атауы «Құранда» байырғы бейнесiнде сақталса, грек оқымыстысының еңбегiнде бiршама өзгерiске түскен. Бiрақ екеуiнiң негiзiнде де дыбысталуы бiр-бiрiнен онша алшақ кете қоймайтын Ғад пен Ад немесе Ат сөздерiнiң жатқандығы анық. Ғад қауымына туыстары, яғни бөтен қауым өкiлi ретiнде Һұд пайғамбардың жiберiлуi де бұл қауымның семит нәсiлiнен еместiгiн аңғарта түскендей.

Сондай-ақ, тек грек бастаухаттары емес, атланттықтардың бойлы-сойлы, тұлғалы болғандықтарын «Құран» да жоққа шығармайды. «Сол уақытта Алла сендердi Нұх қауымынан кейiн орынбасар қылып, әрi тұлға жаратылысында да артық қылды» («Ағраф сүресi). Бұл да Ғад пен Атлантиданың бiр екендiгiне дәлел. (Ланд латын тiлiнде жер дегендi бiлдiредi, яғни Атлантида сөзiн таратып оқитын болсақ, Ад немесе Ғад жерi деген сөз шығады – Ә.Б.). Расында да «Құранның» хақиқаттығына кiм шек келтiре алмақ!

Мiне, дәл осы арада бiз «Құраннан» тарихта болған оқиғаның iзiн iздеуге кiрiсемiз. Өйткенi Ғад қауымы дегенiмiз кiмдер, олардың трагедиясы қай уақыт аралығында бой көрсеттi деген сауалдарға жауап бере алсақ қана Атлантида құпиясына да бiршама жақындай түсерiмiз хақ. Расында да «Құран» зiлзала арқылы қалаларын қиратып, жермен-жексен еттiк деп куәлiк ететiн Ғад қауымы дегенiмiз кiмдер өзi? Бiзге беймәлiм әлi ашылмай жатқан көне өркениет ошақтарының бiрi ме? Әлде тарих ғылымы ендiгi мойындап үлгерген шындық па?

578024ed023bfb07fb665493fed126aa

Бағзы дүние дәуiрiнен сыр шертетiн кiтаптарды парақтасақ, бұл сауалдың жауабын тез-ақ табуға болады. «Құрандағы» Ғадтың кезiнде Кiшi Азияда дәуiрлеп тұрған Хат немесе Хэт мемлекетi (б.д.д ХҮIII-ХII ғ.ғ.) екендiгiне кiм таласа алмақ. Атауының ұқсастығын былай қойғанда, үш мың жылдай уақыт ұмыт қалып, ғылымға ХIХ ғасырдың сексенiншi жылдарында ғана қайта белгiлi болған Хэт империясының тағдыры Платон Атлантидасы болуға егiздiң сыңарындай сұранып тұрған жоқ па!

Осы маңнан, дәлiрек айтқанда Кiшi Азияның солтүстiк-батысындағы төбелердiң бiрiнен орыны табылған, кезiнде Гомердiң атақты «Илиада» эпосына арқау болған Троя қаласының да жер сiлкiнiсiнен опат болғаны археологиялық зерттеулерден белгiлi. «Троя патшасы Приамның қамалы саналатын Гиссарлықтағы «алтыншы қаланың» жер асты дүмпулерiнен кейiн жермен-жексен болғаны Цинциннати университетiнiң археологиялық экспедициясы жүргiзген қазба жұмыстары барысында толық дәлелденген дерек» (Иммануил Великовский, «Столкновение миров», Феникс. 1996). Ал Трояның әр мезгiлде бiрiнiң үстiне бiрi салынған он екi қабат қала-қорымнан тұратындығын ескерсек, бұл қала-қабаттардың тағы қаншасы жер сiлкiнiсiнен кейiн өмiр сүруiн тоқтатқаны және белгiсiз. Қалай дегенмен де жер сiлкiнiсiнен қираған қала орындарын бiз Палестина немесе Қызыл теңiз маңайынан емес, осы Кiшi Азиядан ғана ұшырата аламыз. Бәлкiм Платон Атлантидасының прототипi басқа емес, Хэт империясының астанасы Хаттусастың өзi болар. Әлде Хаттусастың мұрагерi Хатти ма екен.

Платон Атлантиданың тек грек қала-мемлекеттерiне ғана емес, перғауындар Мысырына да бiршама қауiп төндiргендiгiн жазады. Солонға Мысыр абызының «сендердiң бабаларың болмағанда, бiз атланттықтардың езгiсiне түсер едiк» деп рахмет айтуы да (Платон, «Тимей») Атлантиданың жағрапия жағынан ежелгi Мысыр мен байырғы Грекияның ортасында жатқан мемлекет болғандығына бiр дәлел. Ал бiзге мәлiм тарихтан мұндай екi жағына да үрей төндiрiп, қос мемлекеттi де қорқынышта ұстай алатын қуатты мемлекет тек Хэт империясы болғандығы жақсы белгiлi.

Бiз «Қазығұрт, топан су және жебiрей «Тәураты» деген мақаламызда («Жас Алаш», № 99, 2000) хэттер мен кезiнде Қазақстанды мекендеген массагеттердi байланыстыра отырып, хэттердiң прототүркi, яғни бағзы түркiлер екендiгiне бiраз мысалдар келтiргенбiз. Осы арада сол бағыттағы әңгiменi бiршама тереңдете түсудiң сәтi түскен секiлдi. Хэттердiң Каспий мен Арал теңiздерi маңынан бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi II мыңжылдықтың бас жағында негiзгi екi бағытта, Үндiстан мен Кiшi Азияға қарай қозғалған арий – прототүркiлердiң бiр тармағы екендiгi анық. Олардың бiрқатары жаулап барған жерлерiнде, яғни Кiшi Азияның Батысына, Жерорта теңiзiнiң жағалауына орнығып қалса, ендi бiразы Сирия мен Палестинаны көктей өтiп, Египетке жетедi. Шамасы, бұлар Лев Гумилев айта беретiн «ұзын арқан, кең тұсау» ендiгi соғыссыз тұра алмайтын болып қалған жаужүрек те еркiндiк сүйгiш рухы азат жандар болса керек. Мысыр тарихына гиксос деген үрейлi атпен енген бұлар перғауындар елiн жүз жылдай (б.д.д.1710-1560 ж.ж.) емiн-еркiн билеп-төстейдi. Антика жазба деректерiнен бiр емес, бiлдей алты гиксос патшасының есiмi жақсы белгiлi. Олардың арасында тарихта ерекше iз қалдырғаны – Хиан (б.д.д.ХҮII ғ.). Осы патша «Тәуратта» де кiрген. Онда «Гиксостар патшасы Хианның есiмi планетаның атауы. Күн… (тұп-тура осылай – Ә.Б.), яғни табынатын құдайының жұлдызының аты» (Амос 5:26, Иммануил Великовский, «Эдип и Эхнатон», Феникс, 1996) деген жолдар бар. Осының өзi-ақ гиксостардың бiздiң байырғы бабаларымыз секiлдi Күнге табынғандығын, олардың арасында Күн атауының дәл бүгiнгi қазақтардағыдай арада сандаған ғасырлар жатса да еш өзгерiссiз дыбысталғандығын айқын аңғартып тұрған жоқ па! Тарихи жазбалар, сондай-ақ, гиксостар арасында Ұмай деген сөздiң де қатты қадiрленгендiгiн тiлге тиек етедi. Мысырлықтарға арбаға мiнiп соғысуды алғаш үйреткен де – солар, яғни қашанда тарихтың доңғалағын қозғауға бар да, үлестi бөлісуге келгенде абырой-атақтан жұрдай болып шыға келетiн көшпелi гиксостар болатын.

Бiздiңше хэттер Египетке ғана атой сап қоймай, Крит, Кипр секiлдi Кiшi Азия жағалауына жақын жатқан аралдарға да құрық тастаған секiлдi. Кипрдiң кезiнде Алаш аталуы, Крит аралындағы Ида тауында Қарқара атты шыңның (Гомер «Илиадасында» сөз болады) кездесетiндiгi осындай ойларға бастайды.

Бұлардың сыртында, масса-хэт бабаларымыздың Кiшi Азияда б.д.д. ХҮIII-ХIII ғасырлар аралығында өз тәуелсiз мемлекетiн құрып, дәуiрлеп тұрғандығы тарих мойындаған шындық. Бәлкiм төркiнiн әлi күнге дейiн ұстатпай келе жатқан түркi сына жазуының құпиясын да сол дәуiрлерден iздеу керек болар. Әйтпесе оны финикей немесе арамей әлiпбиiнiң көшiрмесi қылып шығара салудан ұтарымыз шамалы. Керiсiнше, осы мол қазына байлығымызды бiз олардан емес, олар бiзден жұғыстырып алған болса ше?

Ендi Атлантидаға қайта оралайық. Платон Ат­лан­ти­дасының табиғи апаттардың салдарынан суға шөгiп кет­кендiгi белгiлi. Мұндай себептi Хэт империясының күйреуiне байланысты айта аламыз ба? Өйткенi тарихтан оның б.д.д. ХII ғасырдың басында белгiсiз «теңiз халықтарының» (ахейлiк гректер болса керек) шабуылынан кейiн құлағаны бел­гiлi. Осы тұста батыл жорамал жасаудың қажеттiгi туын­дамақ. Кiм-кiмге де Кiшi Азияның сейсмография жағы­нан тұрақсыз аймақ екендiгi жақсы мәлiм. Түркияда болған өткен жылғы қайғылы жер сiлкiнiстерi де соның бiр айғағы. Ал осындай жер сiлкiнiстерi бұл өңiрде бұрындары да бол­мады деп айта аламыз ба? Мысалы, «теңiз халықтарының» талауына түсерден бұрын Хэт империясын жоғарыдағыдай табиғат апаттары сiлкiлеп алған болса ше? Немесе кезiнде бiршама көлемдi болған Кипр немесе Крит аралдарының бiраз бөлiгi су асты дүмпулерiнен кейiн теңiз астына шөгiп кеткен деп болжасақ? Басқа-басқа, дәл мұндай оқиғалардың болғандығын бұл аймақтың геологиялық тарихы жоққа шығармайды. Тарихшылар Криттегi атақты миной мәдение­­тi­нiң жоғалуын басқа емес, осындай табиғат-ана мiнез көр­сеткен оқиғаның салдарынан болды деп түсiндiредi.

Бiз ертеректе түркiнiң қасқыр (Көк Бөрi) мифi орасан зор көлемдегi табиғи апаттың жаңғырығы деген пiкiр айтқан болатынбыз. Ал мифке мұрындық болған апат себепшiсi жерге соқтығысқан кезбе комета немесе қуатты жер сiлкiнiсi болуы мүмкiн деп топшылағанбыз. Мифтегi бiр тайпа халықтың түгел қырылып қалуы мотивiн осылай түсiндiргенбiз. Асылы, «Құран» мен «Тәураттағыдай» өз есерлiктерiнен немесе күнәһарлықтарынан құрып кеткен халықтар жайлы дiни желi байырғы түркiлерге де таныс болған секiлдi. Лев Гумилев «аңызға қарағанда, со руының барша адамы өздерiнiң есерлiгiнен қаза табады (оның не екенi айтылмаған), тек қаншық қасқырдың төрт немересi ғана тiрi қалады» деп кезiнде В.А.Аристов жазып алған аңыздан дерек келтiредi (Лев Гумилев, «Көне түркiлер», 1994 ж.) Бұл да көне түркiлер арасында белгiлi болған қаншық қасқыр туралы аңыздың бiр нұсқасы. Мифтiң көпшiлiкке мәлiм нұсқасында бiр тайпа ел көршi дұшпандарының шапқыншылығы кезiнде түгел жер жастанатын болса, мұнда өз есерлiгiнен қаза болды деп айтылады. Ол не есерлiк едi, Тәңiрi алдында күнәға бату ма, әлде басқа ма, бұл жағы таратылып-талданып жатпайды. Дегенмен, аңыз астарынан осындай да терең, рухани салмағы бар сарынды аңғаруға болатындай. Яғни прототүркiлердiң Ғад, яки Атлантида қауымдары жайлы өз естелiк-түсiнiктерi болған деп топшылауға хақымыз бар. Және аңыз сипатында сақталған бұл естелiктер өзiнiң көркемдiгi, болашақ ұрпақтарға берер тәлiмi жағынан Платон шалдың Атлантида жайлы әңгiмесiнен бiр де кем түспейтiн сынды.

Аңыз қай уақыттарда дүниеге келуi мүмкiн? Бұл, шамасы адамзат баласы ғана емес, Жер-Ананың өзi де өмiр үшiн жан салып арпалысқан сәт болса керек. Ғаламдық деңгейдегi сұрапыл қақтығыс немесе iшкi сiлкiнiс әсерiнен естен тана жаздаған Жер-Ана құрсағы күңiренген дыбыстар шығарады. Ол дыбыстар қасқыр «ау-у-уын», яғни бөрiнiң ұлығанын еске түсiретiн. Жаратқан Иенiң Мұса пайғамбарға Синай тауында он өсиеттi түсiретiнi де осы тұс-ты. Өйткенi, мына дүние не болып кеттi, ақырзаман келiп қалды ма деп естерi шыға үрейленген ол кездегi жұмыр басты пенде баласына Жер-Ана құрсағынан шығып жатқан жаңағы дыбыстар Тәңiрiнiң өз үнi секiлдi сезiлуi әбден мүмкiн жайт.

Осы бiр сәт әр халықтың таным-түсiнiгiнде әртүрлi көрiнiс тапты. Түркiлер кезектi табиғат немесе ғарыш апатынан аман қалған ендiгi адамзатты пенде баласы мен қаншық қасқырдың жатырынан таратты. Өйткенi қиялшыл қыр балалары жаңағы апаттан кейiн қасқырды Тәңiрiнiң жердегi бiр сипаты деп қабылдаған-ды. Тек түркiлер ғана емес, Латын Америкасының Вичоли тайпасы да Еуразиядағы алыс туысқандарындай өздерiн ит-ана мен адамнан таратады. Асылы, бағзы түркiлер мен жебiрейлер жүрегi аузына тығыла құлақ тiккен дыбыстарды Жер-Ананың келесi бетiндегi олардың бабалары да естiген болса керек. Екi құрлықтағы аңыздардың өзара тел қозыдай ұқсастығын осылай түсiндiруден басқа амал жоқ. Салауатты қисын осылай дейдi. Естуiмiзше, Ирандағы өз адай қандастарымыздың арасында да адамзатты итбалық пен адамның қосағынан тарататын аңыз бар көрiнедi. Мұндағы итбалық о баста балығы жоқ иттiң өзi болған деп жора­­мал­­дауға әбден болады.

Кезiнде жер бетiндегi бүкiл адамзат баласы куә болған бұл апат қай уақыт аралығында жүз бердi, осы сауалға да жауап бере кеткен жөн секiлдi. «Құранда» Ғад қауымын жалмаған апат Нұх пайғамбар тұсындағы топан судан кейiн делiнедi. Егер «Құрандағы» Ғад пен Кiшi Азиядағы Хэт-Хат патшалығы бiр қауым едi деген ұйғарымға тоқтасақ, бұл апат бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ХIҮ-ХIII ғасырлар ара­лы­ғында болған деп жорамалдауға мүмкiндiк бар. Өйткенi бұл уақыт «Тәураттың» хронологиялық реконструкциялануы бойынша Мұса пайғамбар жебiрей қауымын Мысыр құлдығынан алып шыққан кездермен тұстас келедi. Ал одан Синай тауындағы Тәңiрiнiң он өсиетi Мұса ғалайссаламға түсетiн айтулы оқиғаға қол созым ғана жер.

amirhan1

Бабаларымыз сиынған дегдар бөрi образы тасасына жасырынған тарихи құпия осындай. Ол адамзат баласының басына түскен алапат апатты күндерден сыр шертедi. Тек түркi тектес халықтардың ғана емес, бүкiл адамзат баласының бiрiгуiне үндейдi. Өйткенi адамзат баласында Жер-Ана бiреу-ақ қой.

Бiз Тәңiрiден Атлантида сұрапылы секiлдi жайлар ендi қайталанбасын деп тiлеймiз. Себебi Жер-Ана аман болса, адамзат баласы да өсiп-өркендей бермек. Ал осы бiр аңызға бергiсiз Атлантида оқиғасының кейiпкерлерi болса есте жоқ ерте замандарда Сарыарқа мен Сахараның арасын емiн-еркiн жайлаған, Атлант мұхитына есiмiн берген бiздiң бағзы бабаларымыздың бiр тармағы болатын.

Әмірхан Балқыбек