Фото: видеодан скриншот
Жетісу облысының Нұркент ауылында баласын жылу батареясына байлап, бар күшімен ұрып-соққан әйелдің екі баласы Талдықорғанда балалар мекемесіне орналастырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Белгілі болғандай, төрт және екі жастағы екі ұл қазір облыс орталығындағы балалар мекемелерінің бірінде орналастырылған. Бұл туралы Жетісу облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ермек Егінбаев мәлімдеді.
"Балалар қазір Талдықорғанда, қауіпсіз жерде. Оларға қажетті күтім мен барлық жағдай жасалған: ойыншықтар, тамақ бар. Бүгін мен барып, екі баламен де кездестім. Өздерін жақсы сезініп отыр. Оларға тәрбиешілер мен дәрігерлер, соның ішінде логопед пен психолог тиісті деңгейде қарап жатыр. Олардың болашақ тағдырына қатысты мәселе шешілуде және бақылауда. Біз өз тарапымыздан бұл процеске тікелей қатысып, жағдайды қатаң қадағалап отырмыз", – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел өз баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрып-соққаны туралы жазған едік. Оқиғаның видеосы желіде тарағаннан кейін баласын аяусыз ұрған әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.
