11 қар, 2025 сағат 13:17

Анджелина Джоли Украинаға жасаған сапары туралы айтты


Фото: Анджелина Джоли Украинада (facebook.com/DPSUkraine)

Жақында Украинаға барған голливудтық актриса Анджелина Джоли сапарынан кейін алғаш рет байланысқа шықты. Ult.kz-тің хабарлауынша, ол бұл туралы Instagram парақшасында жазған.

Желіде 16 миллионға жуық жазылушысы бар актриса жаңа жазбасында Николаев пен Херсонда көрген әсерлерімен бөлісті.

«Осы аптада мен Николаев пен Херсонға барып, майдан шебінде өмір сүріп жатқан отбасылармен кездестім. Дрондардан төнетін қауіп үнемі сезіледі, ол жақта болу қиын. Аспандағы гуілді естіп тұрасың. Мұнда мұны “адамдарға арналған сафаридей” дейді — дрондар тұрғындарды бақылау, қуалау және қорқыту үшін пайдаланылады. Бір сәтте бізге дрон басымыздан ұшып өткенше күтуге тура келді», — деп жазды Джоли.


Актрисаның айтуынша, жергілікті тұрғындар тұрақты қауіп жағдайында өмір сүруге бейімделіп кеткен – мектептер, емханалар мен балабақшалар жерасты паналарына көшірілген, ал адамдар соған қарамастан берілмей, өмірін жалғастырып жатыр.

«Мұны көру ауыр, бірақ сонымен қатар ерекше күш береді. Көп адам психологиялық ауыртпалық пен әлем тарапынан ұмыт қалудан қорқу сезімі туралы айтты», – деп қосты жұлдыз.


Сондай-ақ Джоли әлем үкіметтерін Украинадағы және бейбіт тұрғындар зардап шегіп жатқан басқа елдердегі соғыстарды тоқтату үшін батыл қадамдар жасауға шақырды.

«Дипломатия мүмкіндігі зор осындай әлемде Украина, Судан, Гаити, Йемен және басқа да көптеген өңірлердегі бейбіт тұрғындардың күн сайын зардап шегіп жатқаны түсініксіз. Билік иелерінің бұл қақтығыстарды тоқтатып, барлық азаматты бірдей қорғауға шамасы жоқтай көрінеді. Мен жергілікті ұйымдар мен еріктілердің ерлігіне, адалдығына және кәсібилігіне тәнтімін. Егер олар өздерінен күш таба алса, үкіметтер де дәл солай істеуі тиіс», – деді актриса.


Еске салайық, 5 қарашада актриса, режиссер және БҰҰ-ның ізгі ниет елшісі Анджелина Джоли Украинаға келгені туралы ақпарат пайда болды.