31 шіл, 2025 сағат 15:58

«Аралтұз» зауытында жарақат алған жұмысшы әйелге 5 миллион теңге өтемақы төленетін болды

Фото: Pexels.com

Қызылорда облысы, Жақсықылыш ауылы – «Аралтұз» АҚ тұз өңдеу цехының бұрынғы қызметкеріне жұмыс барысында ауыр жарақат алғаны үшін 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төленетін болды. Бұл туралы Арал аудандық соты шешім шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.

2013 жылдан бері кәсіпорында жұмыс істеген әйел 2021 жылы цех операторы қызметіне ауыстырылған. 2025 жылдың қаңтарында түнгі ауысымда жұмыс істеп жүргенде дүкен қоймасында тұз тасымалдайтын жүк көтергіш (погрузчик) қағып кеткен. Ауыр жарақат салдарынан бірнеше мәрте ота жасалып, ол көру және қозғалу мүмкіндігінен айырылған.

Қазіргі таңда зардап шеккен жұмысшы тұрақты түрде күтім мен медициналық көмекке мұқтаж. Бет пен көзге шұғыл операция қажет. Оның екі кішкентай баласы бар.

Арнайы тергеу актісіне сәйкес, өндірістік жазатайым оқиға бойынша жұмыс беруші – «Аралтұз» АҚ 100% кінәлі деп танылды. Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.

Компания өкілдері оқиға абайсыздық салдарынан болғанын айтып, зардап шеккен адамға 850 мың теңге материалдық көмек көрсетілгенін және болашақта жасалатын операциялардың шығынын өздері өтейтінін жеткізді.

Сот отырысында талап қоюшының денсаулығына келтірілген зиян, физикалық және психологиялық азап толық дәлелденіп, Арал аудандық соты «Аралтұз» АҚ-ны моральдық өтемақы ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.