05 қаң, 2026 сағат 11:03

Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікті Ресейден экстрадицияланды

Фото: видеодан скриншот

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2024–2025 жылдар аралығында Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға инвестиция арқылы жоғары табыс табуға уәде берген. Ол адамдарды әртүрлі тауарларды көтерме сатып алып, кейін сату бойынша бірлескен кәсіпке шақырған.

Алайда күдікті алған қаржысын міндеттемелерін орындауға емес, жеке қажетіне жұмсап, қаражатты жымқырған. Оның қылмыстық әрекеттері салдарынан Қазақстанның алты азаматына 100 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ағымдағы жылдың тамыз айында ол Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілеу және 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.